«Өнерлі әлем падишасы» (Әнші Қ.Сәтмұхамбетованың туғанына 65 жыл) |
Өткізілген орны: Оқу залы
Өткізілген уақыты: 24 ақпан, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Оқырмандарға Сәтмұхамбетова Құралайдың сазгерлігі мен әншілігін терең ұғынып, әндерінің идеясын ашу; сазгердің сал өмірінен мәлімет беру; шығармашылығымен таныстыру; өнер адамдарын құрметтеуге баулу.
Қазақтың кең жазиралы дархан даласы әрдайым әсем әннің құшағында тербеліп, аяулы халқы шаттыққа бөленіп жатады. Осынау ұлан ғайыр өлкемізде қаншама талантты дарынды дара тұлғалы, өнер қайраткерлері өмірге келіп, шығармашылық жолда аянбай тер төгіп, биік белестерден көрініп келеді. Бүгін ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада атақты әнші, сазгер Сәтмұхамбетова Құралай Шайзадақызының 65 жылдық мерейтойына арналған автормен кездесу кеші өтті. Кешті кітапхана қызметкері Бөрібекова Әдемі ерекше сезімге бөленген бейнелі қалпымен жүргізді. Кешті өнерге бір табан жақын, шығармашылыққа жаны құштар әнші әпкеміз әсем әнмен өзі ашып берді. Кеш аясында Қ.Сәтмұхамбетованың өмірі мен шығармашылығынан кеңінен ақпараттар берілді. Кеш иесіне көрермендер тарапынан сауалдар толассыз қойылып, мағыналы жауаптар алынды. Семей өлкесінің Абай топырағында өмірге келіп, өмірлік қызметін Шымқалада жалғап, ұл - қыз, немере тәрбиелеп отырған аяулы ана, салиқалы сазгер, дара тұлға көптеген әндерді өмірге әкелген. Өнер иесінің мерейтойында әндерін жаттап өскен кітапхана оқырмандары әпкеміздің алдында орындап шықты. Кітапхана қызметкері, І-топ көз мүгедегі Нүрия Баймұратова «Аппақ гүлдер» әнін шырқаса, кітапханамыздың өнерлі белсенді оқырмандары Барлыбаев Жомарт «Ару ана», Төребай Нұржан жергілікті ақын Ханбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған сазгердің «Алтынай» атты әнін орындады. Сонымен қатар, елге есімі белгілі дарынды Темірбаевтар әулетінің перзенті Ержан Темірбаев «Ауылға барамын» әнімен көпшілікті тәнті етті. Кеште әншінің өзі біршама әндер орындап, сазды әуенге сусап келген көрерменнің көңіліне молайым рухани кәусар азық дарытты. Мерекелік кеш күтпеген тосын сыйға да тап болды. Осыдан 30 жыл бұрын талант иесімен бірге №12 мектеп-интернатта қызмет жасасқан көнекөз ұжымдас әріптесі Сарабаев Мұхаммедкерім табысып, дидарласып Бұхар жыраудың термесін орындап, отырған ортаны шылқытып жіберді. Алматы қаласында 65 әннен құралған «Аппақ гүлдер» ән жинағы жарыққа шыққалы тұрған сазгер кеште «Ару ана», «Өрік гүлдегенде», «Сені көргім келеді де тұрады», «Немереме» сынды сазды әуезді әндерін шарықтата шырқады. Жиналған жұрт ерекше көңіл күйге енді. Кеш соңында мерейтойға келген көрермендер қатарында отырған белгілі қоғам қайраткері Жұмамұрат Тұяқбаевтың жары 80-нің сеңгіріне шыққан Сайғана Мәдет апа сөз алып, ақ тілегін жолдап, батасын берді. Тілектер жалғасып Н.Жұмағұлов, Е.Бакиевтер лебізін білдіре келе кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева арнайы құттықтап, сый-сияпатымен гүл шоқтарын табыстады. Саздың сан алуан сырынан ба, әннің құдіретінен бе, халықтың шексіз ілтипатынан ба, жүзі жарқын, келбеті жап-жас көрінген өнер иесі де кітапхана ұжымы мен оқырмандарына ризашылығын білдіріп естелік суреттерге түсіп тарасты.




|
|
«Голос советского детства» |
19 ақпан, сағ. 11.00 Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында орыс ақыны Агния Бартоның 110 жылдық мерейтойына арналған «Голос советского детства» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шараның мақсаты: балалар әдебиетін насихаттау; А.Бартоның шығармашылығымен танысу; оқырмандар үшін позитивті және ізгілік жағдай (атмосфера) жасау. Іс-шараға қатысқандар: зағип және әлсіз көретін оқырмандар, «Үміт» мектеп – интернатының оқушылары, кітапхана қызметкерлері.



|
Өткізілген орны: Оқу залы
Өткізілген уақыты: 16 ақпан, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Б. Нұржекеевтің шығармашылығы туралы мағлұмат беру, оқырмандардың жүректерінде әдебиетке деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Жылдан жылға елімізде аталып өтілетін түрлі іс-шаралар мен мерейтойлар көбейіп келеді. Кітапханамыздың оқырмандары әдебиет саласынан тыс қалмай, рухани азық алу мақсатында, ұлы жазушыларымыздың атаулы күндеріне орай кітапханамызда түрлі іс-шаралар мен жиындар өткізіп тұрамыз. Міне бүгінде кітапхана оқу залына әдеттегідей оқырмандар көп жиналды. Оның ішінде әдебиет саласын сүйіп тыңдайтын тыңдарман қауым.
Іс-шарамыздың бүгінгі тақырыбын сонау алпысыншы жылдары әдебиетке келген ұлы шоғырдың арасында жұлдызы айрықша жарқырап көрінген қаламгерлеріміздің бірі - Бексұлтан Нұржекеевтің 75 жылдығына арнап отырмыз. Жазушының қаламынан шыққан шығармалары шынайы өмірдегі тағдырлар мен оқиғалардан алынып, барынша шыншылдықпен бейнеленген.
Осы сыршылдығына тәнті болған оқырман қауым оны «Қазақтың Мопассаны» немесе «Махаббат жыршысы» деп тегін атамаса керек. Бексұлтан Нұржекеевтің ең алғаш жазған шығармаларының бірі «Күнәлі махаббат» 1968 жылы жазылған. Сонда жас жазушы небәрі жиырма жеті жаста екен. Өзі газет-журнал маңайында емес, қызуы мол комсомол жұмысының қызметкері болып қызмет етіпті. Кейде қым-қуыт, кейде алашапқын жұмыстың арасында жүріп мынандай шығарма жазу әрбір жазушының маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Жазу мәнері де өзгешелеу. Әрлеп, сырлап, қызыл сөзге де ұрынбайды. Шығарма тілі қызықты болғаны соншалық кейіпкерлермен бірге мұңайып, бірге күлесің. Жазушы әйел ана тақырыбын терең бойлап жаза білген. Оларға бекзаттықпен қарай білген. Оның әйел бейнесін сомдаудағы ерекшелігі де осында жатыр. Оған себеп «Белгісіз әйелдің хаты», «Әйел жолы жіңішке» атты шығармаларын алсақ болады. Ол туған өлкесінің қадір-қасиетін жүрегімен сезініп жазған. Шалғынына аунап, асыр салып, суына түсіп, топырағын жалаңаяқ кешкен жердің тау-тасын, өзен-сайларын бір сөзбен айтқанда тамылжыған табиғат суреттерін көз алдыңызға келтіреді.
Кешегі өткен тарихымыз жайлы шығармалары, қазіргі жастарымызды ұлттық патриотизмге тәрбиелейді. Жазушының тәрбиелік мәні бар шығармаларынан үзінділер оқылып, оқырмандармен мұқият тыңдалды. Кітапхана оқу залында «Махаббат мүсіншісі» атты жазушының 11 томдық шығармалар жинағынан тұратын кітаптары көрмеге қойылып, кітапханамыздың арнайы зағип оқырмандарға қызмет ететіндігінен жазушының дыбысталған кітаптары да тыңдармандар назарына ұсынылды.




|
|
«Қазақ поэзиясының – Хантәңірі» (М.Мақатаевтың 85 жылдығына орай І-ІІ топ зағип жастар арасында байқау) |
Өткізілген орны: Оқу залы
Өткізілген уақыты: 10 ақпан, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушылардың жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, оны бағалай білуге, сыршыл да шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіруге, рухани танымын кеңейтуге ықпал ету.
Ақындарын ардақтап қастерлей білген қасиетті кітапханамызда қазақтың ақиық ақыны М.Мақтаевтың 85 жылдық тойына арналған «Қазақ поэзиясының – Хантәңірі» атты байқау өтті. Байқауға облыстық «Үміт» мектеп-интернатының жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Байқауды өткізудегі негізгі мақсат: ақынның өлеңге толы өмірі мен шығармашылығын көпшілік көрерменге кеңінен дәріптей отырып жас таланттарды жарыққа шығарып поэзия әлеміне еркін қанат қағып, әдебиетке деген құштарлығын арттыру болып табылады. Байқауды тифлобөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова жүргізді. Сайысқа 4 үміткер қатысты.
- Камал Тоғжан
- Пернебай Жандос
- Өміртай Әкімжан
- Тұрлыбек Мадина
Байқау 4 шарттан құралды. Алғашқы сайыс «Сәлем сөздің атасы» деп аталды, қатысушы өнерпаз өзін-өзі таныстырды, 2 - сайыс «Мұқағали поэзия әлеміне саяхат» ақынның жырларын мәнерлеп, нақышына келтіріп жатқа оқыу, 3 - сайыс мұзбалақ ақынның сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындау және 4-ші – Мұқағали Мақатаевтың өмірінен қойылатын сұрақтарға толық әрі нақты жауап беру болатын.
Байқауға Оңтүстік Қазақстан облыстық көздері көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева, С.Тұрлыбек Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ОҚО жазушылар одағы филиалы төрағасының орынбасары, Дәркен Танабай белгілі ақын, «Алтын қалам» иегері, «Астана-Бәйтерек» фестивалінің лауреаты және өнерде жүрген ағамыз, кітапханамыздың жанашыры, Оңтүстік өңіріне танымал асаба С.Аймаханов кітапханамызда өткен көптеген іс-шараларға және «Қазақ поэзиясының – Хантәңірі» байқауына демеушілік етіп жүрген ағамыз қазылық етіп төрелік жасады.
Қатысушылар байқауға өте жоғары дайындықпен келіп талапқа сай тапсырмаларды орындап шықты. Байқау барысында «Күрең күз», «Сенің көзің», «Құмған алған», «Сәби болғым келеді» әндері орындалды. Кеш барысында кітапханамыздың белсенді оқырманы І-топ көз мүгедегі, көптеген байқаулардың жеңімпазы Төребай Нұржан «Күрең күз», «Ғашық жүрек» әндерін әуелетсе, «Үміт» мектеп–интернатының 10-сынып оқушысы Батырхан Әсел М.Мақатаевтың «Ғашықпын» өлеңін айтып берді. Ақын жүрегінен нәзіктікке тұнған Отанға, Туған жерге, Анаға, Өмірге деген жалпы тіршілік атаулыға деген шексіз махаббат лебі естілген жырлар туған. Мұқағали Мақатаевтың әрбір шығармашылық кештері, байқаулары мәнді де мазмұнды өтеді. Себебі, ақын ерекше жаратылған тұлға. Кез келген өлеңдерінен қарапайымдылықпен тазалық, адалдықпен шындықты көруге болады. Таланттар ортаға бар талабын салып өнер көрсетті. Байқаудың қортындысын кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева қортындылады. Қатысушыларға «Өнерге ғашық жас өрен», «Күміс көмей жез таңдай», «Ойы жүйрік - білімпаз», «Сезімге толы сырлы жыр» атты номинациялармен дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тарту етілді. Оқырмандар Мұқағалидың ән, поэзия әлеміне бір сүңгіп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.






|
«Екі жұлдыз» (Өнерлі ұстаз бен шәкірт) |
Өткізілген орны: Оқу залы
Өткізілген уақыты: 5 ақпан, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Тәрбиенің рөлін арттыру, талғам мәдениетін тәрбиелеу, интеллектуальды мәдениетті қалыптастыра отырып, ұстаз бен оқушылар арасындағы талғамдық құндылықтарға жету қабілеттерін қалыптастыру
5 ақпан күні арнайы кітапхана оқу залында қаймағы бұзылмаған нағыз қазақтың жүрегінен шығып күні бүгінге дейін өз қалпында сақталған халық әндері қанат жая халықтап ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер бірлестігі «Екі жұлдыз» атты ән кеші өтті. Кешке жиналған көпшілік көрермен ұлттық рухани бай мұрамыз саналатын орда өнерге деген шексіз махаббатпен риясыз ықылас қойып тамашалады. Жалпы жеті жұптан құралған өнерпаздар «Үміт» мектеп-интернатының ұстаздарымен оқушылары жұптасқан. Мұғалім мен шәкірттің бірігіп ән шырқауы көркем жарасымдылық пен халық әндерін насихаттауда ерекше маңызға ие болды. Алдымен бұл кештің мәні мен мазмұнын негізгі өтудегі мақсаты жайында кеңірек таныстыру үшін арнайы кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева сөз алып көрермендерге халық әндерінің қасиетін дәріптеді. Кешті тифлобөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова жүргізіп, қатысушы өнерпаздарды сахна төріне хабарлап отырды. Қатысушылар Сейдалиева Сымбат пен Өміртай Әкімжан халық әні «Қызылқұмда ауылым», Майемирова Инара мен Құралова Диана халық әні «Дудар-ай», Ермекбаева Ақмарал мен Пернебай Жандос халық әні «Дедім-ай-ау», Молдыбаева Әлия мен Исаханова Назима халық әні «Маусымжан», Белова Ольга мен Ксения Александровналар ағылшын халық әні «Призрак розы», Қалмырзаева Лаурамен Әлім Нұртілеу халық әні «Екеуің-ай», Жанбаев Асылжан мен Басқан Қасымхан халық әні «Дайдидау»-ды орындап шықты. Кеш барысында кітапхана қызметкері Бөрібекова Әдемі де әсем ән шырқап көрермен қошеметіне бөленді. Кештің соңында Л.Темірбаева қатысушы өнерпаз жұптарға үлкен ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыстап, шығармашылық табыс тіледі. Ән әлеміндегі қазақтың халық әндерінің орны аса зор әрі ерекше саналады. Ғасырлардың сыры мен сазын үнімен назын күні бүгінге жеткізген әндер кейінгі ұрпаққа да жалғасын тауып жойылмайды деген сенімдеміз. Әр жүректе ұлттық өнерге деген кіршіксіз махаббат барда ол ешқашан жоғалмақ емес. Тыңдаушы құлақ болса орындаушы көмей болары ақиқат. Әр санадан ой, әр көңілден ән тарқамасын деген тілекпен көпшілік оқырман кештен алған көңілді әсермен тарасты.




|
|
|
|
<< Бірінші < Алдыңғы 31 32 33 Келесі > Соңы >>
|
Страница 31 из 33 |