«Поэзия баспалдағы» (Жас зағип ақындардың шығармашылық поэзиялық кеші)

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 3 ақпан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Поэзияны жаңа қырынан, жаңа форматта таныту, бүгінгі қазақ поэзиясының жеткен жетістіктерін көрсету, қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген жаңа есімдерді анықтау

 

Қасиетті кітапхана талай адамға нәр беріп, бойына рухани азық тарататын мекен. Кітапхана арқылы талай ақын жазушылар, қоғам қайраткерлері мен дарындылар білімін жетілдіріп биікке талпынған. Бүгінде зағип азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханада түрлі шығармашылық кештер өтеді. Бұл аптада жас талантты ақындардың шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Поэзия баспалдағы» атты әдеби-сазды шығармашылық кеш өтті. Кешті Ербек Бакиев жүргізді. Кеште «Үміт» мектеп интернатының түлегі, бірнеше ән байқауларының жүлдегері Айнұр Смандияр және «Үміттің» үкілеп баптаған шәкірттері - жас ақындар Батырхан Әсел және Әбдірасилов Төлеген қонақта болды. Жас ақындар оқырмандарға өздерінің жүрегінен шыққан жырларын тарту етті. Тақырыптары Отанға, Туған жерге деген сүйіспеншілік, ата-анаға деген кіршіксіз мөлдір махаббат, табиғаттың сұлулығын сипаттай келе өмірге деген сырлы сезімге толы құштарлық талпыныстың жарқын бейнесін бейнелейтін өлеңдермен өрілген. Сонымен қатар, өздері білім алатын алтын ұя «Үміт» мектеп интернатында арналған жыр шумақтарын оқыды. Талантты Айнұр әншіліктен бөлек жыр жазатын ерекше қабілеті де бар. «Жанарсыз да өмірім жалғасады» атты өлеңі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кеш аясында оқырмандар арасында отырған әдебиетке жаны жақын, талай жыл газетте қызмет атқарған Жұмағұлов Нысанбек ағай мен мектепте оқушыларды үлкен өмірге баптап ұстаздық еткен үлгілі мұғалім Сарабаев Мұхаммедкерім аға да қатысып жас таланттарға ағалық ақ тілегін ақтарып, бақыт тілеп, келешек күндеріне жақсылық жолдады. Кеш барысында  жүргізуші Е.Бакиев те поэзия баспалдағында еріксіз толқып «Келер күн», «Жас жаным құштар ақ таңға» атты жырларын оқыды. Смандияр Айнұрдың көмейінен тәуелсіздік тақырыбында «Жаса елім», лирикалық сезімге тұнған «Жан ана», Әкім Ысқақтың «Ардақты ат» адал достыққа бағытталған «Кел достарым»,    Е.Бакиевтың сөзіне жазылған Н.Төребаевтың «Шарықта шалқар шабытым» әндері орындалды. Кеш соңында кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева келген қатысушы үш ақынға кітапхана әкімдігі атынан арнайы алғыс хаттар табыстады. Біз де жас жеткіншектерге қуандық, шығармашылығына риза болдық. Әдебиет айдынына қанат қағып, өлең өлкесіне табан тіреген таланттарға өмір жолы жарқын, аспаны ашық,  шығармашылығы табысты, денсаулығы мықты болсын, өмір белестері мен поэзия баспалдағында асар асуы мол әрі жемісті болғай деген ізгі ниетпен ақ адал риясыз көңілмен тілек жолдадық.

 

 

 

 
«Ақындық өнердің асқақ даңқы» («Бір өлке - бір кітап» аясында Қ.Байболұлының шығармалары)

Өткізілген уақыты: 22 қаңтар, сағ 11-00

 

Іс-шараның мақсаты: Қ.Байболұлының  жыршы,  айтыскер ақын болғандығын айта отырып, шығармалары, ізгілік  дәнін  себумен қатар,  ұлтжандылыққа тәрбиелейтіндігін насихаттау.

Арнайы кітапхананың оқу залында аталмыш  тақырыпта  әдеби кеш  өтті. Рухани кешке  оқырмандарымыз жиналып, ақынның  қалам тартқан шығармаларды талқылап. Қазанғап Байболұлы - ХХ ғасырда өмір сүрген жыршы, айтыскер ақын болған.  Отанға деген қастерлі ұғымның адам бойына қалыптасуына үндейді. Әдебиетіміздің інжу-маржаны саналатын «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле бидің тарихы» атты ірі көлемді дастаны тақырып тұздығы болды. Кеш барысында ақынның қисса- дастандары жан-жақты зерделеніп, қызу талқыға түсті. Зағип жастар жағы ойларын еркін ортаға салып,  ақын шығармаларындағы терең пәлсафаға мән берді. Шүкіршілік, егемен ел атанып, көгімізге көгілдір туымызды көтер­гелі бері жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып жатыр. Ел өмі­рінде елеулі орын алған ерекше пер­зенттердің еңбектері еленіп, жаз­ғандары жарияланып жүр. Солар­дың қатарында Қазанғап ақынның да өзіндік орны бар. Өз заманының аса оқымысты адамдарының бірі болған бұл тамаша тұлғаның ең­бектері оның кемел ойлы, ұлтжанды ұрпақтарының арқасында бүгінде бүкіл халық игілігіне айналып отыр. Қазанғап Байболұлының ақиық ақын болғанын, ақындық пен жыр­шылықты қатар үйлестіре білген, ол қасиеттеріне қоса тарихшы, ше­жіре­ші де екенін айтып, кешіміз өз мәресіне жетті.

Кітап көрмесі: «Қазанқап мұрасы- ұрпақ қазынасы»

Қойылған кітап саны: 14 дана («сөйлейтін», бедерлі-нүктелі, жазық-баспалы  кітаптар және баспа материалдары)                                                                                                                                                  Берілгені: 20 дана

 
«Аталар мұрасы – халық қазынасы» («Мәдени-мұра бағдарламасы» бойынша)

Өткізілген уақыты: 20 қаңтар, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабаларымыздың мол мұрасы мен сусындату. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы, бабалар мұрасына байланысты. Аталардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді оқырмандарға ұғындыру.

Ертедегі  ата бабаларымыздан қалған ескерткіштер мен мұралар жыл өткен сайын көптеген археолог ғалымдардың  ізденістері мен жұмыстары арқасында табыла түсуде. Табылған мәдени мұраларымыздың қазақ халқына деген таптырмас құндылығына сөз жетпейді. Сол ескерткіштер арқылы біз сан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген адамдардың тыныс тіршілігін,  салт дәстүрін  танып білуімізге болады. Қазіргі таңда ескерткіштер мен мұраларды қалпына келтіру жұмыстары жаппай қарқын алуда. Осы орайда арнайы кітапханамызда өтетін кезекті іс-шарамызды қаламызда орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен  әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына арнайы кітапханамыздың оқырмандарына   саяхат ұйымдастырдық. Қаламыздағы жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейінде орналасқан құнды заттар мен экспонаттарды  зағип оқырмандар қолымен ұстап, қазіргі заманға баға жетпес дүниелер екенін сезінді. Бұл сапарымыздан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың алған әсері өте көп десек болады. Табиғат та өз шуағын аямай төгіп  оқырмандарымызға мейірлене  қарасқандай  болды.

 

 

 
«Ақындық өнер және Жамбыл мұрасы» (Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл)

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 16 қаңтар, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Жамбыл бабамыздың өмір баянын таныстыра отырып, байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада  дәріптеп соны мазмұнымен байытып жеткізгендігін насихаттау.

Арнайы кітапханада аталмыш тақырыпқа сай жыр- жырау орындаудағы сайыс өткізілді. Осы сайысқа қатысушы оқырмандарымыз: С.Құдайқұлов, Қ.Юсупов, Ә.Қонысбеков, М.Бегалиевтер,  ұлы домбыраның үнімен айтыс –жырау арқылы  Жамбыл  Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы екенін Жамбыл бабамыздың жыр- жырауларын жатқа айтып,  шындықты  замана болмысын жасырмай суреттегенін, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлағандығын, күйініп те, қиналып та сөйлегендігін жарысқа қатысқан  оқырман  қауым  жеткізе алғандай. Тағы бір айта кетер жай, Ө.Төлепов оқырманымыз  Жамбыл бабамыздың «Ленинградтық өренім» атты өлеңін жатқа айтқанда: өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, жырлары, майдандағы  әр ұлттан құралған  жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрғандығын мәнерлеп, жеткізе білді. Оқырмандарымыз  осы  өткен сайысқа дән ризашылығын айтып, үлкен жастағы оқырман аталарымыз сайысқа қатысушыларға баталарын беріп, ақ тілектерін  айтып тарқасты.

Кітап көрмесі: «Бабалар асыл даналар»

Қойылған кітап саны: 16 дана, жазық баспалы әдебиеттер, кіші қалыпты мүсіндер, әдістемелік, бедерлі – графикалық құралдар, баспа материалдары.

Берілгені: 12 дана

 

 

 

 
«Елім деп өткен, мұхиттай мөлдір тарландар» (Алғаш ҚазКСР Мемлекеттік Гимні авторларының бірі Қ.Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл)

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 12 қаңтар, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: «Ғалымның есімі–келешек ұрпағына арнаған сөздері, Абай арқылы, «жылы жүрек және ыстық қайратпен» мәңгілік есте қалуы тиіс. Қазақ интеллигенциясының шынайы өкілі Қайым Мұхамедхановтың соңына қалдырған мұрасы– өміршеңдік, шынайы ақиқат, ерік-жігер, бекзаттық, рухани тазалық, биікке ұмтылу қасиеттері туралы оқырмандарға мағлұмат беру.

Оқырмандарымызға рухани азық ретінде жылдық жоспарымызға алдыңғы буын ағаларымыздың мерейтойларын қосып отырамыз. Міне осындай бір мерейтой иесі биыл 100 жасқа келіп отырған Қайым Мұхамедханов ағамыз. Қалың жұртшылық бұл кісіні көбінесе кеңестік Қазақ республикасының мемлекеттік әнұранына мәтін жазған ақын ретінде біледі десек,  екі тармақ өлең туындыгерді шынайы абырой шыңына шығарған. Ол кісі тек өлең ғана жазып қоймай, ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз ақын, жазушы, драматург. Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы.   КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы.Көптеген пьесаларды қазақ тіліне аударған.

Осы орайда Абай сөзіне ден қойсақ:

Ақыл  мен жан – мен өзім, тән менікі,

Мені мен менікінің мағынасы екі.

"Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

"Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, – дейді ақын.

Осы санаттағы ажалсыз "Меннің” иесі ең алдымен Абай ағаның өзі десек, ақын жолымен жүрген ізбасарлары мен рухани мұрагерлері де уақыт пен кеңістікте әлдебір межемен шектелмей, өмірлерін жалғастыра бермек. Сондай бірегейлердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханұлы.

Іс-шараға жиналған оқырмандар ақынның өмірбаяны және өнердегі шығармашылығынан үзінділерді ынта шынтасымен ден қойып тыңдап отырды. Өзінің тынымсыз еңбегімен, өнеге өсиетімен келер ұрпаққа үлгі боларлық қаншама істер қалдырған азамат.

Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.

Ары мен азаттығының жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін кеңестік билікке (Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі он сегіз жылда Кеңес одағының әнұраны жоқ еді) алдын-ала ескерткен деп ұғынуға лайықты осы сөздердің ақиқа­тына 1986 жылғы желтоқсанда бүкіл адамзат көз жеткізді. Намысына тиген, еркіндігін құрсаулаған империяның оспадар өктемдігіне бостандықсүйгіш қазақтың ұлдары мен қыздары бұратаналар ішінде қаһармандықпен бірінші болып қарсы шығып тәуелсіздікке жол ашты. Ақын Қайым желтоқсан қасіреті мен құдіретіне арнаған ғибратты тұжырымын сол кезде жырға айналдырып айтудан тайсалмаған болатын.

Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,

Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,

Мәңгі бақи ел есінен кетер ме

Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!

Ақын сөзінің азаматтық арқауы босаңсыған сәті жоқ. Елдік, адамшылық мұраттарды қозғайтын жайлардың баршасына қолма-қол үн қатудан айнымағандығын желтоқсаншыларға бағыштаған дұға-батасы, жендеттерге лағнет-қарғысы дерлік жоғарыда келтірілген үзінді дәлелдеп тұр емес пе?! Әрдайым ізгілікті көксеген жүрегінен бұрқ етіп атылған жыр шумақтары аз емес. Ақынға арналған оқу залында қөрме ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның кітаптары және ол туралы баспасөзде жазылған материалдар қойылды.

Іс-шара соңында Қайым Мұхамедхановтың мәтініне жазылған ең алғаш Қазақ елінің әнұраны орындалды. Әнұранды жүрек тебіренісімен тыңдаған оқырман қауым ерекше бір сезімге бөленіп, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсті.

 

 

 

 

 
<< Бірінші < Алдыңғы 31 32 33 Келесі > Соңы >>

Страница 32 из 33