«Көнені ұрпақтарға көрік еткен» (Оңтүстік тумасы, қобызшы-фарабист К.Қарабдаловтың туғанына 55 жыл) Print
Жаңалықтар - Іс – шаралар мұрағаты

«Көнені ұрпақтарға көрік еткен»

(Оңтүстік тумасы, қобызшы-фарабист

К.Қарабдаловтың туғанына 55 жыл)

ОҚО арнайы кітапхана рухани және мәдени ошақ болғандықтан біз жылдық іс-жоспарда оқырмандарға өлкемізге белгілі мемлекет және мәдениет қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырып, олардың шығармашылығымен ұдайы таныстырып келеміз. Бұрынғыны білмегеннің болашағы жоқ дегендей, халқымыздың салт-дәстүріне әдет-ғұрыптарына біздің оқырмандарымыз көп көңіл бөледі. Осындай кездесулердің бірін Қазақстан және облысымыздың белгілі мәдениет қайраткері, Суретшілер Одағының мүшесі этнограф, қобызшы-фарабист, «Алтын қыран» белгісінің иегері музыкант Қарабдалов Кендебай Әбжаппарұлын кездесуге шақырдық. Кездесу жайдан-жай ұйымдастырылған жоқ. Өйткені 1- мамыр 2014 жылында ол кісі 55 жасқа толып отыр.

Залда негізінен аға буынды оқырмандар жиналса да, оларды бұл кездесуді көптен күткендігі байқалды. Жүргізуші С. Катишев жиналған қауымға қонақты таныстырып өткен соң, орыс және қазақ тілінде К. Қарабдаловтың өмірбаянымен және оның бүгінгі таңда жеткен жетістіктері оқылды. Қонағымыз әбсатта өзінің көпшілдігімен көңілді жұмсақ әңгімесімен залды өзіне баурап алды. Кендебай ағаның өмірлік ұстанымы ол үлкен махаббат. Адам баласының жаны мен тәнінің арасында рухани үндестік болу қажет. Сонда ғана адам баласы өмірінде гармония пайда болып, ол айналасындағы барлығына игі жақсы істер істейді» - деді ғалым. Балалық шағын еске ала отырып, қонағымыз әжесінің әрдайым адам баласының көкірегі соқыр болмау керектігін айтады дейді Кендекең. Сондықтан да сіздердің көздеріңіз көрмесе де, жүректеріңіздің нұр сәулесінің сөнбегеніне сенем, дей отырып музыкант өзімен бірге ала келген аспаптарымен таныстыруды бастады. Ол кісі өз әңгімесін ұлтымыздың белді аспабы қос ішекті домбырадан бастап, оның керемет үнін және бұл аспаптың әмбебап екендігін дәлелдеп, көне әуендермен қатар орыс, украин халықтарының әндерін де тартып берді. Одан әрі музыкант бізді бірқатар әртүрлі сырнайлармен таныстыра бастады. Әуелі көне Отырар қаласының шеберлері сазбалшықтан жасаған сырнайдың өзі жасаған нұсқасын сазсырнайды ұсынды. Бір айта кететін жайт К. Қарабдалов әкелген аспаптардың барлығын көрсетіп қана қоймай олардың барлығында өзі әртүрлі әуендерді ойнап беріп жатты. Әр сырнайдың дыбысы мен даусы да сыртқы көрінісі де ерекше екен. Сазсырнайдың шыққан дауысы тыңдаушыны сонау көне заманға жетелесе, Украин халқының дудкасы тыңдаушының көңіл-күйін көтеріп, оны биге шақырғандай болады. Қамыстан және шие ағашынан жасалған сырнайлардың дауысы саңқылдаған аққу-қаздардың дауысына ұқсайды екен. Сонымен қатар оқырмандардың назарларына бамбуктан жасалған қытайдың сырнайын және үнді халқының сырнайын және немістің ауыз сырнайы көрсетілді. Қазақтың киелі қобызы да, музыканттың өмірінде үлкен орын алады екен. Ол кісі қобызды қарағаштан өзі жасайды екен және бізге сол қобызбен тамаша күй орындап берді. Әрі қарай қонағымыз зағип оқырмандарға қазақтың даңғарасын, өзбектің кепшігінің дауысын есіттірді. Бәрімізге музыканттың көрсеткен тибет монахтарының тостаған атты аспабының әсері ерекше болды. Бұл аспаптың кәдімгі тостағаннан ешқандай айырмашылығы жоқ екен. Бірақ тостаған бірнеше металдардан тұрады екен. Қонақтың айтысына қарағанда осы аспаптан шыққан үн адамның бойындағы керексіз қуаттың бәрін шығарып, космостан пайдалы қуаттарды әкелетін көрінеді. Тостағанның жақтауына кәдімгі таяқты айналдыра тигізгенде бірте-бірте күшейетін ерекше дыбыс адамды шынымен де бір сезімге бөлеп, өзіңді жеңіл сезініп қалады екенсің. Музыкантпен бірге бізде музыка әлеміне саяхат жасап әр халықтың аспаптарымен таныстық. Музыкада ешқандай шекарамен тіл жоқ дейді ғой, міне сол қағиданы бізге бүгінгі кездесу дәлелдеп бергендей болды. Сөз соңында қонағымыз өзінің мұражайы, қылует жер асты мешіті және Отырар қаласындағы пайдаланған тұрмыстық бұйымдарын жасайтындығын әңгіме етті. К. Қарабдалов оқырмандармен өзінің болашақ жоспарларымен бөлісіп, Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен дайындық үстінде екенін жеткізді. Баршамыз осы кездесуден үлкен рухани әсер алып, сонау көне заманына саяхат жасағандай болып қайттық. «Көнені ұрпақтарға көрік еткен» атты көрме ұйымдастырылып, көрме сөрелеріне көне отырардан шыққан К. Қарабдаловтың қолынан шыққан саздан жасалған бұйымдар қойылды.

(ОҚО арнайы кітапханасының тифлобөлімінің меңгерушісі С.Катишев)