Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Махаббат мүсіншісі» |
Іс – шаралар |
Өткізілген орны: Оқу залы Өткізілген уақыты: 16 ақпан, сағ 11-00. Іс-шараның мақсаты: Б. Нұржекеевтің шығармашылығы туралы мағлұмат беру, оқырмандардың жүректерінде әдебиетке деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Жылдан жылға елімізде аталып өтілетін түрлі іс-шаралар мен мерейтойлар көбейіп келеді. Кітапханамыздың оқырмандары әдебиет саласынан тыс қалмай, рухани азық алу мақсатында, ұлы жазушыларымыздың атаулы күндеріне орай кітапханамызда түрлі іс-шаралар мен жиындар өткізіп тұрамыз. Міне бүгінде кітапхана оқу залына әдеттегідей оқырмандар көп жиналды. Оның ішінде әдебиет саласын сүйіп тыңдайтын тыңдарман қауым. Іс-шарамыздың бүгінгі тақырыбын сонау алпысыншы жылдары әдебиетке келген ұлы шоғырдың арасында жұлдызы айрықша жарқырап көрінген қаламгерлеріміздің бірі - Бексұлтан Нұржекеевтің 75 жылдығына арнап отырмыз. Жазушының қаламынан шыққан шығармалары шынайы өмірдегі тағдырлар мен оқиғалардан алынып, барынша шыншылдықпен бейнеленген. Осы сыршылдығына тәнті болған оқырман қауым оны «Қазақтың Мопассаны» немесе «Махаббат жыршысы» деп тегін атамаса керек. Бексұлтан Нұржекеевтің ең алғаш жазған шығармаларының бірі «Күнәлі махаббат» 1968 жылы жазылған. Сонда жас жазушы небәрі жиырма жеті жаста екен. Өзі газет-журнал маңайында емес, қызуы мол комсомол жұмысының қызметкері болып қызмет етіпті. Кейде қым-қуыт, кейде алашапқын жұмыстың арасында жүріп мынандай шығарма жазу әрбір жазушының маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Жазу мәнері де өзгешелеу. Әрлеп, сырлап, қызыл сөзге де ұрынбайды. Шығарма тілі қызықты болғаны соншалық кейіпкерлермен бірге мұңайып, бірге күлесің. Жазушы әйел ана тақырыбын терең бойлап жаза білген. Оларға бекзаттықпен қарай білген. Оның әйел бейнесін сомдаудағы ерекшелігі де осында жатыр. Оған себеп «Белгісіз әйелдің хаты», «Әйел жолы жіңішке» атты шығармаларын алсақ болады. Ол туған өлкесінің қадір-қасиетін жүрегімен сезініп жазған. Шалғынына аунап, асыр салып, суына түсіп, топырағын жалаңаяқ кешкен жердің тау-тасын, өзен-сайларын бір сөзбен айтқанда тамылжыған табиғат суреттерін көз алдыңызға келтіреді. Кешегі өткен тарихымыз жайлы шығармалары, қазіргі жастарымызды ұлттық патриотизмге тәрбиелейді. Жазушының тәрбиелік мәні бар шығармаларынан үзінділер оқылып, оқырмандармен мұқият тыңдалды. Кітапхана оқу залында «Махаббат мүсіншісі» атты жазушының 11 томдық шығармалар жинағынан тұратын кітаптары көрмеге қойылып, кітапханамыздың арнайы зағип оқырмандарға қызмет ететіндігінен жазушының дыбысталған кітаптары да тыңдармандар назарына ұсынылды.
|