Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Өнерлі әлем падишасы» (Әнші Қ.Сәтмұхамбетованың туғанына 65 жыл) |
Іс – шаралар |
Өткізілген орны: Оқу залы Өткізілген уақыты: 24 ақпан, сағ 11-00. Іс-шараның мақсаты: Оқырмандарға Сәтмұхамбетова Құралайдың сазгерлігі мен әншілігін терең ұғынып, әндерінің идеясын ашу; сазгердің сал өмірінен мәлімет беру; шығармашылығымен таныстыру; өнер адамдарын құрметтеуге баулу. Қазақтың кең жазиралы дархан даласы әрдайым әсем әннің құшағында тербеліп, аяулы халқы шаттыққа бөленіп жатады. Осынау ұлан ғайыр өлкемізде қаншама талантты дарынды дара тұлғалы, өнер қайраткерлері өмірге келіп, шығармашылық жолда аянбай тер төгіп, биік белестерден көрініп келеді. Бүгін ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада атақты әнші, сазгер Сәтмұхамбетова Құралай Шайзадақызының 65 жылдық мерейтойына арналған автормен кездесу кеші өтті. Кешті кітапхана қызметкері Бөрібекова Әдемі ерекше сезімге бөленген бейнелі қалпымен жүргізді. Кешті өнерге бір табан жақын, шығармашылыққа жаны құштар әнші әпкеміз әсем әнмен өзі ашып берді. Кеш аясында Қ.Сәтмұхамбетованың өмірі мен шығармашылығынан кеңінен ақпараттар берілді. Кеш иесіне көрермендер тарапынан сауалдар толассыз қойылып, мағыналы жауаптар алынды. Семей өлкесінің Абай топырағында өмірге келіп, өмірлік қызметін Шымқалада жалғап, ұл - қыз, немере тәрбиелеп отырған аяулы ана, салиқалы сазгер, дара тұлға көптеген әндерді өмірге әкелген. Өнер иесінің мерейтойында әндерін жаттап өскен кітапхана оқырмандары әпкеміздің алдында орындап шықты. Кітапхана қызметкері, І-топ көз мүгедегі Нүрия Баймұратова «Аппақ гүлдер» әнін шырқаса, кітапханамыздың өнерлі белсенді оқырмандары Барлыбаев Жомарт «Ару ана», Төребай Нұржан жергілікті ақын Ханбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған сазгердің «Алтынай» атты әнін орындады. Сонымен қатар, елге есімі белгілі дарынды Темірбаевтар әулетінің перзенті Ержан Темірбаев «Ауылға барамын» әнімен көпшілікті тәнті етті. Кеште әншінің өзі біршама әндер орындап, сазды әуенге сусап келген көрерменнің көңіліне молайым рухани кәусар азық дарытты. Мерекелік кеш күтпеген тосын сыйға да тап болды. Осыдан 30 жыл бұрын талант иесімен бірге №12 мектеп-интернатта қызмет жасасқан көнекөз ұжымдас әріптесі Сарабаев Мұхаммедкерім табысып, дидарласып Бұхар жыраудың термесін орындап, отырған ортаны шылқытып жіберді. Алматы қаласында 65 әннен құралған «Аппақ гүлдер» ән жинағы жарыққа шыққалы тұрған сазгер кеште «Ару ана», «Өрік гүлдегенде», «Сені көргім келеді де тұрады», «Немереме» сынды сазды әуезді әндерін шарықтата шырқады. Жиналған жұрт ерекше көңіл күйге енді. Кеш соңында мерейтойға келген көрермендер қатарында отырған белгілі қоғам қайраткері Жұмамұрат Тұяқбаевтың жары 80-нің сеңгіріне шыққан Сайғана Мәдет апа сөз алып, ақ тілегін жолдап, батасын берді. Тілектер жалғасып Н.Жұмағұлов, Е.Бакиевтер лебізін білдіре келе кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева арнайы құттықтап, сый-сияпатымен гүл шоқтарын табыстады. Саздың сан алуан сырынан ба, әннің құдіретінен бе, халықтың шексіз ілтипатынан ба, жүзі жарқын, келбеті жап-жас көрінген өнер иесі де кітапхана ұжымы мен оқырмандарына ризашылығын білдіріп естелік суреттерге түсіп тарасты.
|