Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
14022024 |
Іс – шаралар |
«Ауған соғысы – тарих қойнауының бір парағы..» Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы, тарихи оқиғалардың бірі. Ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 35 жыл толмақ. Осыған орай арнайы кітапханада Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті. Кештің мақсаты Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады. Кеш Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан «Шымкент қалалық Ауған соғысы мүгедектері қоры» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары «За отвагу» медалінің иегері, Досжанов Жеңіс Қоштаевич, «За боевые заслуги» медалінің иегері, Ауғанстанға алғашқы кірген жауынгерлердің бірі Лесбек Пазылұлы қатысты. Кеш шымылдығын жастар мен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің ерекше үлгісін көрсетіп жүрген Жеңіс Қоштаевич ашып, Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Оқырмандар жауынгер әңгімесі мен дембель альбомынан алынған фотосуреттері көрсетілген бейнероликпен және деректі очерктермен танысты. Ауған жолдарымен өткен жерлес жас сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын ««Ауған соғысы — тарих қойнауының бір парағы»» атты кітап көрмесі де кітапханаға келушілерге ерекше әсер етті. Кездесу барысында кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарының орындауларында бейбітшілік, достық туралы патриоттық әндер шырқалды. Ауған соғысы - боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға Ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз! |