«Ата Заң – кемел келешектің кепілі»
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының
қабылданғанына 20 жыл
Ешкім де мін таға алмас елдігіме! Дауласып жармаспайды белдігіме. Бойында Ата Заңның өріліп тұр Даламның кеңдігі де, теңдігі де!
Бағынған өз заңына жұмыр ғалам, Сондықтан Күннен Жерім суынбаған. Қоғамның сан саласын реттейтін Әрбір заң Ата Заңнан туындаған.
Болғанмен бұл Өмірде айлаң күшті, Ел үшін кім тындырар қайран істі?! Еліңнің дамуы мен дағдарысы Ол-дағы Ата Заңға байланысты!
Нұр шашқан жас ұрпақтың ұғымына, Тікелей әсер еткен ғұмырына Айналды Ата Заңым мызғымайтын Тәуелсіз мемлекеттің тұғырына!
Біздің кітапханамыздың тифло залында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толуына байланысты 28 тамыз күні кітапхана оқу залында сағ. 11.00-де «Ата Заң – кемел келешектің кепілі» атты мерекелік кеш болып өтті. Әдеттегідей кітапханаға І-ІІ-ші топтағы аға буынды және «Үміт» мектеп-интернатының оқушылары жиналды.
1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз ҚР тұңғыш конституциясының негізгі заңы қабылданды да, 1995 жылы 30 тамызда біздің қоғамымызда өзгерістерге, жаңа талаптарға сай толықтырылған жаңа Конституциясы өмірге келді.Қазіргі Ата Заң 98 баптан, 9 бөлімнен тұрады. Бұл күнде ата Заңымыз өз күшінде. Бәріміз де Ата Заңға бағынып, соның баптарымен жүруіміз керек. Ата Заңда айтылғандай, адам – мемлекеттің басты байлығы. Адамның құқығы мен міндеті Заңда толық көрсетілген. Тек соны әркім өз білгенінше, өз қалауынша жүрмей, жауапкершілікті орындауға міндетті.Өзіміздің ойшылдарымыз Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би және Абай Құнанбаев та адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаған. Адам дүниеге келгеннен кейін, оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын, біздің мемлекетіміздің Ата Заңы – Конституция қорғайды.
Біздің еліміздің ең алғашқы Конституция негізін қалаушы – Қорқыт бабамыз. Ол кісінің конституциясы «Адат» деп аталады. Ол мынадай негізгі баптардан тұрған: Атамекенді Жерұйық деп білу,оны жаудан қорғау, жер суды белгілі тәртіппен пайдалану, дау жанжалды ақылмен шешу, кінәліні жазасыз қалдырмау. Аруна – Бұл құжат еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бас болуымен қабылданды. Бастайтын болашаққа бас кемені, Осы жол халықтың да нақ сенері! «Халқыма адалмын!» деп Ата Заңға Елбасы қолын қойып Ант береді.
Ата-бабаларымыз сан ғасыр арман еткен Егемендігімізге қол жеткізіп, бүгінде өзіміздің Ата Заңымыз бар, біз бақытты ұрпақпыз. Конституцияны білу, заңды білу біз үшін міндет сияқты. Себебі, заңды білмесең, өз құқығыңды қорғай алмайсың.
Ата Заң. Азаттығыңды айқындайтын, Тәуелсіздігіңді паш ететін, Егеменді ел екеніңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі құжат.
Ата Заң. Азаматтың арқа сүйер алтын арқауы. Біздің бүкіл тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Заңнан бастау алады.
Ата Заң. Әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы.
Ата Заң. Дүние есігін ашқаннан бастап, басың құбылаға қарағанға дейінгі уақытта сенің құқыңды сақтайтын, құр сөреде жатпайтын баталы заң.
Кітапханамыздың оқырманы жеке кәсіпкер І-топ көз мүгедегі Сыздықов Жұманәлі Мұсаұлы 7 зағип жандардың ұл-қыздарына қайырымдылық шара өткізіп, оларға мектепке керекті қажетті заттармен қамтамасыз етті. Оқырмандар іс-шарадан үлкен әсер алып, жақсы көңіл-күймен тарқасты. Мерекелік іс-шараға БАҚ өкілдері «Хабар» телеарнасымен «Оңтүстік Қазақстан» және «Қызмет» газеттерінің тілшілері келді.
Тифлосектор кітапханашысы
Абжаппарова Л.А.
|