ақын Ф.Оңғарсынованың «Дауа» кітабы

«Жыр ғұмыр»

(«Бір ел бір кітап» республикалық акциясы таңдауы ақын Ф.Оңғарсынованың «Дауа» кітабы)

«Адамның досы кітап, өмір кілті,

Тең келмес оған жиған дүние мүлкі

Ақылшы, жанға серік жол бастаушы,

Асыл ой, қазынасы, өмір көркі» - деген өлең жолдарымен «Облыстық көздері көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тифлосекторында «Бір ел – бір кітап» акциясына байланысты бір кітапты жаппай бірге оқу үшін ұйымдастырылған, халық жазушысы, қазақ ақыны Ф.Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр топтамасына арналған поэзия кеші өтті.

Кешті жүргізуші - кітапхана қызметкері З.Маханова кітап сүйер қауымды ақынның шығармашылығымен таныстыру мақсатында алғашқы сөзді Мақтарал ауданынан келген жас ақын Е.Бакиевке берді.

Адам баласының ой кемесін ізгілікке, руханилыққа жетелейтін, надандық шырмауынан шығуға көмектесетін баға жетпес дүние – кітап дей келе, жүргізуші Ұлттық Әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2007 жылдан бастау алған жоба биылғы жылы өз жалғасын тапқанын айтып өтті. 2013 жылдың үздік туындысының авторы Ф.Оңғарсынова қазақ әдебиеті әлемінің айшықты жанры - поэзияда адуынды жырларымен көпшілікті елең еткізген ақын екенін, оның шығармалары қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен үні бар тұғырлы дүние екені айтылып, кезек келесі өлеңге берілді: Қазығұрт ауданынан келген оқырман П.Үйсінбаева ақынның «Мені жұрт қатал дейді» өлеңін жатқа оқып, соңынан ақынның сөзіне жазылған «Мақсат – бақыт бастауы» әнін жас оқырман Г.Жуашбаева орындап берді.

Өмірдің өткелдерінен

Қиындық көп көргеніммен,

Өртеніп от басқаныммен,

Өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды,

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Мынау менің қиындау,

Тағдырым болып көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! – деп, ақын өлеңді аялап, поэзия әлеміндегі ізденіс-толғаныстарын, ақындық өнер жайындағы қанатты ойларын қалың жұртшылыққа паш етіп, сүйсіндіріп келеді – деп ақынның «Өлең» атты жырын Сарыағаш ауданынан келген мүгедектер қоғамының директоры Ү.Төлегенова жатқа оқып, «Жан сырым» атты өлеңіне жазылған әнді оқырман А.Тәйтелеева орындап берді.

"Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Фариза жырларымен сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігінше жеткізгісі келеді. Оның бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкері – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерінің арқауы" - дей келе:

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,

Жүректен жас ағады тарамданып

Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса

Ақтарылар алдыңда саған барып

Жасқа ғана толады жанар налып,

Мен үшін тұр дүние қараң қалып, – деп, әйелдің қайғы-мұңынан сыр шертетін өлеңдерінен Сарыағаш ауданынан келген прозаик оқырман М.Ермаханова «Реніш», Р.Мейірбекова

«Өкініш пен қасірет» жырларын жатқа оқып берді.

Жасаңдар, құшып сенім-күн,

Құлпырған гүлдей құздағы,

Жұлдызы жанған жерімнің

Жұлдыздай жарқын қыздары! – деп, ақынның «Қыз сөзі» өлеңін оқуға сөз Сайрам ауданынан келген жас оқырман М.Умаралиеваға берілді.

Поэзия кеші

Г.Каттабекова, Н.Ештаева, Г.Тимирова, Р.Тимировалардың

орындауында ақынның «Махаббат, жігерсіз жігіттерге», «Дүние бос қалды ғой сен кеткелі», «Поэзия», «Сағыныш», «Туған жер», «М.Мақатаев туралы жыр», «Киіз үй», «Жаулықтар», «Бала» және т.б. өлеңдерімен жалғасты.

Кеш соңында жастарды кітап оқуға насихаттайтын кітапхананың тұрақты оқырманы, ақ жаулықты М.Сайғана апа сөз алып: «жастарға -кітап оқуларыңды жалғастыра беріңдер, талаптарыңа нұр жаусын, алла алдарыңнан жарылқасын» - деп батасын берді.

Н.Жұмағұлов атты оқырман тағдырластарының талантын атап айтып, кештің кереметтей өткеніне дән риза болып, «осы сценариймен үлкен сахналарға неге шықпасқа» деп өз пікірін білдірді.

Поэзия кеші тифлосектор бөлімінің меңгерушісі Сәбит Полатұлының көркем сөздерімен аяқталды.

(ОҚО арнайы кітапханасының тифлосектор қызметкері З.Маханова)

 

 

 


 

ҚР Президентінің Жолдауы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы     ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ Қазақстан Респуб...

ҚР рәміздері

ҚР Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiр...

Против коррупции
Против коррупции

Открытый бюджет