Іс – шаралар
29.09.2026

«Жігерлі жанмен жүздесу»

2026 жылдың 30 қыркүйек күні Шымкент қалалық арнайы кітапханасында өнерге құштар жандарға қолдау көрсетіп, шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз, өнер жанашыры Тамара Камалханқызымен және өнерлі жастарымызды Ресей мемлекетінде өткен халықаралық деңгейдегі үлкен фестиваль байқауларға қатысуына мұрындық болған, қолдап мүмкіндік жасаған сол кездегі «Үміт» мектеп интернатының директоры Нургазинова Биғайша Таутиевнамен «Жігерлі жанмен жүздесу» атты кездесу кеш болып өтті. Шараға «Сәт» триосы және республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулар мен өнер додаларында өнер көрсетіп жүрген зағип өнерпаздар қатысты. Олар өздерінің шығармашылық жолы, өнердегі жетістіктері мен ұстаздан алған тәлім-тәрбиесі туралы ой бөлісті. Кездесу барысында өнерпаздардың сахнадағы алғашқы қадамдары, байқаулардағы жетістіктері, шығармашылық ізденістері сөз болып, Тамара Камалханқызының шәкірттеріне берген бағыт-бағдары мен ұстаздық еңбегі кеңінен әңгімеленді. Кеш барысында «Сәт» триосының және талантты өнерпаздардың орындауындағы әндер көрермендерге ұсынылып, шығармашылық кездесу әсерлі музыкалық бағдарламаға ұласты.

 
24.09.2026

«Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі»

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында танымдық-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қатысып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметтері туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында қатысушыларға заңды сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы әр азаматтың жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлерімен еркін форматта сұхбат ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Іс-шараның мазмұнын толықтыру мақсатында тақырыпқа сай көрініс қойылып, құқық пен тәртіптің қоғамдағы маңызын ашатын сахналық қойылым ұсынылды. Сонымен қатар, патриоттық әндер орындалып, елге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған рухани-мәдени бөлім ұйымдастырылды.

 
23.09.2026

«Күз бен біз» «Тағдырластар» клубы

 

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Тағдырластар» клубының кезекті кездесуі «Күз бен біз» атты тақырыпта өтті. Кешті клуб жетекшісі Ербек Бакиев жүргізді. Алдымен қыркүйек айында туған туған күн иелерін құттықтап, арнайы марапаттар табысталды. Түрлі әндер айтылып, өлеңдер оқылып, дауысты жұмбақтар жасырылып, ойындар ұйымдастырылды. Белсенді қатысқан жастар түрлі сыйлықтарға ие болды. Шымкент қалалық «Әділет» партиясы филиалының орынбасары Байқонысов Ербол Рәбілұлы және «Әділет» партиясының Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жанұзақұлы арнайы келіп оқырмандармен кездесіп, партия атынан арнайы алғысын білдіріп сый құрмет көрсетті. Кешті біршама телеарналар түсіріп ақпараттық қолдау танытты. Кеш барысында Отырар ауданы Шәуілдірден Садықова Гүлзира келіп жырдан шашу шашты. Кеш соңында естелік суретке түсіп көңілді тарасты.

 
15.09.2026

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»

 

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ұжым арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әр жылдары айтқан қазақ және орыс тілдеріндегі таңдаулы сөздері топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітапты талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның сөз басын кітапхана директоры Ахат Қанатұлы бастап, кітаптың мазмұнына тоқталып, ондағы ой-тұжырымдардың қоғамдағы әділеттілік, жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және адамгершілік құндылықтарымен сабақтастығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында кітапхана қызметкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салып, кітапта қамтылған өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Қатысушылар арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, әріптестер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесу соңында қатысушылар кітаптағы тағылымды ойлардың күнделікті қызметте жауапкершілікпен еңбек етуге, ел дамуына үлес қосуға және қоғамдағы өзара құрмет пен сенімді нығайтуға бағыт беретінін атап өтті.

 
08.09.2026

«ҒАСЫР ӘЖЕЛЕР» ТОБЫ ҚОНАҚТА

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы Стационардан тыс қызмет көрсету секторының және «Ғибрат» мәдени-демалыс клубының ұйымдастыруымен тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесу өтті.Кітапханамызға Қаратау аудандық ардагерлер жанынан құрылған алты әжеден құралған «Ғасыр әжелер» тобы арнайы қонаққа келді. Әжелеріміз өздерінің өнегелі өмір жолдарынан сыр шертіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Кездесу барысында әсем әндер шырқалып, жылы әңгіме өрбіді.Кездесу соңында ардақты қонақтарға арнайы кітапхана директоры атынан Алғыс хат табысталып, сондай-ақ «Ғибрат» мәдени-демалыс клубының атынан арнайы сыйлықтар тарту етіліп, ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсетілді.

 
02.07.2026

2026 жылғы 2 шілде күні сағат 11:00-де Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында «Заманауи кітапхана: форумнан алынған тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – кітапхана саласындағы заманауи үрдістер мен инновациялық тәжірибелерді талқылау, форум барысында ұсынылған озық тәжірибелерді саралау және оларды кітапхана қызметіне енгізу жолдарын қарастыру.

Шараға қалалық кітапхана басшылары мен қызметкерлері қатысып форумда көтерілген өзекті мәселелерді талқылап, кітапханалардың ақпараттық кеңістіктегі рөлі, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, инклюзивті қызмет көрсетуді жетілдіру, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және оқырмандарға сапалы қызмет ұсыну бағытында пікір алмасты.

Іс-шара тәжірибе алмасуға, кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи талаптарға сай кітапхана қызметін дамытуға ықпал ететін маңызды кәсіби алаң болды.

 
1.07.2026

Қазағымның қазынасы – домбыра

Бүгін 1 шілде Шымкент қалалық арнайы кітапханада ұлт мұрасы саналатын домбыра күніне орай дәстүрлі әнші, ұлағатты ұстаз, би шешендердің ізін жалғастырушы, Созақ ауданының құрметті азаматы Кенжебай Шалұлымен кездесуге арналған «Қазағымның қазынасы – домбыра» атты мерекелік кеш өтті. Кештің басты мақсаты ұлттың үні, қасиетті қара домбыраның қадірін арттырып, төл дүниемізді кеңінен насихаттау болып табылады. Кеш барысында Кенжебай Шалұлы әсерлі әңгімелер айтып, әуезді әндер орындап көрерменнің мол ықыласына бөленді. Жас талантты Мейрамбай Дінмұхамед және Қалмахан Ерсұлтан домбырамен күй орындап қошеметке ие болса кітапхананың тұрақты оқырманы «Ғибрат» клубының мүшесі Бижанов Жәнібек әннен шашу шашты. Экран арқылы ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Кенжебай Шалұлының ұлағатты ұстазы Қайрат Байбосыновтың арнайы аудиоқұттықтауы көрермен назарына ұсынылды. Шымкент қалалық Әл-фараби атындағы ғылыми әмбебап кітапхана қызметкері Әйгерім Төребайқызы әсем әннен тарту жасап көрерменге өнерден сый ұсынды. Кеш өте мәнді мазмұнды өрбіді. Кешті «Тифлология» бөлім меңгерушісі Ербек Бакиев жүргізді. Көнекөз қариялар жастарға батасын беріп домбыраның киесін танытты. Жиылған жұртшылық естелік суретке түсіп көңілді тарасты. Жергілікті телеарна тілшілері келіп ақпараттық қолдау танытты.

 
24.06.2026

Тарихқа тағзым – танымға жол

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының оқырмандары үшін Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан тарихи кесенелерге танымдық саяхат ұйымдастырылды.

 

Саяхат барысында оқырмандар өңірдің тарихи-мәдени мұраларымен танысып, қазақ халқының бай тарихы мен рухани құндылықтары туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, тарихи кесенелердің ерекшеліктері, олардың ел тарихындағы орны мен маңызы жайында қызықты ақпараттар берілді.

Іс-шараның басты мақсаты – оқырмандардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени мұраларға деген құрметті арттыру.

 

Танымдық саяхат қатысушылардың қызығушылығын оятып, туған өлкенің тарихын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін нығайтып, тарихи-мәдени ескерткіштерді қастерлеуге тәрбиелейді. «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің макеттері мен кесенелері шоғырланған танымдық орын ретінде танымал.

 
19.06.2026

«Шымкент – ежелгі тарих пен заманауи дамудың тоғысқан орны»

19 маусым – Шымкент қаласы күніне орай Шымкент қалалық арнайы кітапханада «Шымкент – ежелгі тарих пен заманауи дамудың тоғысқан орны» атты мерекелік мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.

 

Іс-шараның мақсаты – оқырмандарға Шымкент қаласының бай тарихи мұрасы, рухани құндылықтары мен бүгінгі қарқынды дамуы туралы жан-жақты мағлұмат беру, туған қалаға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру. Меркелік кешке Шымкент қалалық Қазақ зағиптар қоғамының жанынан ашылған «Көңілашар» қоғам мүшелерінен құралған өнерпаздар ұйымының тұсауы кесілді. Өнерпаздар өз өнерлерін жанды дауыста паш етті.

Шара барысында Шымкенттің көне тарихы, мәдениеті, көрікті орындары, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен заманауи келбеті туралы кеңінен ақпарат беріліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қала тарихына арналған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалып, танымдық сұрақ-жауап өтті.

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Страница 1 из 24

ҚР Президентінің Жолдауы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы     ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ Қазақстан Респуб...

ҚР рәміздері

ҚР Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiр...

Против коррупции
Против коррупции

Открытый бюджет