Өткізілген орны: Оқу залы
Өткізілген уақыты: 12 қаңтар, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: «Ғалымның есімі–келешек ұрпағына арнаған сөздері, Абай арқылы, «жылы жүрек және ыстық қайратпен» мәңгілік есте қалуы тиіс. Қазақ интеллигенциясының шынайы өкілі Қайым Мұхамедхановтың соңына қалдырған мұрасы– өміршеңдік, шынайы ақиқат, ерік-жігер, бекзаттық, рухани тазалық, биікке ұмтылу қасиеттері туралы оқырмандарға мағлұмат беру.
Оқырмандарымызға рухани азық ретінде жылдық жоспарымызға алдыңғы буын ағаларымыздың мерейтойларын қосып отырамыз. Міне осындай бір мерейтой иесі биыл 100 жасқа келіп отырған Қайым Мұхамедханов ағамыз. Қалың жұртшылық бұл кісіні көбінесе кеңестік Қазақ республикасының мемлекеттік әнұранына мәтін жазған ақын ретінде біледі десек, екі тармақ өлең туындыгерді шынайы абырой шыңына шығарған. Ол кісі тек өлең ғана жазып қоймай, ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз ақын, жазушы, драматург. Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы. КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы.Көптеген пьесаларды қазақ тіліне аударған.
Осы орайда Абай сөзіне ден қойсақ:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
Мені мен менікінің мағынасы екі.
"Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, – дейді ақын.
Осы санаттағы ажалсыз "Меннің” иесі ең алдымен Абай ағаның өзі десек, ақын жолымен жүрген ізбасарлары мен рухани мұрагерлері де уақыт пен кеңістікте әлдебір межемен шектелмей, өмірлерін жалғастыра бермек. Сондай бірегейлердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханұлы.
Іс-шараға жиналған оқырмандар ақынның өмірбаяны және өнердегі шығармашылығынан үзінділерді ынта шынтасымен ден қойып тыңдап отырды. Өзінің тынымсыз еңбегімен, өнеге өсиетімен келер ұрпаққа үлгі боларлық қаншама істер қалдырған азамат.
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Ары мен азаттығының жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін кеңестік билікке (Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі он сегіз жылда Кеңес одағының әнұраны жоқ еді) алдын-ала ескерткен деп ұғынуға лайықты осы сөздердің ақиқатына 1986 жылғы желтоқсанда бүкіл адамзат көз жеткізді. Намысына тиген, еркіндігін құрсаулаған империяның оспадар өктемдігіне бостандықсүйгіш қазақтың ұлдары мен қыздары бұратаналар ішінде қаһармандықпен бірінші болып қарсы шығып тәуелсіздікке жол ашты. Ақын Қайым желтоқсан қасіреті мен құдіретіне арнаған ғибратты тұжырымын сол кезде жырға айналдырып айтудан тайсалмаған болатын.
Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,
Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,
Мәңгі бақи ел есінен кетер ме
Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!
Ақын сөзінің азаматтық арқауы босаңсыған сәті жоқ. Елдік, адамшылық мұраттарды қозғайтын жайлардың баршасына қолма-қол үн қатудан айнымағандығын желтоқсаншыларға бағыштаған дұға-батасы, жендеттерге лағнет-қарғысы дерлік жоғарыда келтірілген үзінді дәлелдеп тұр емес пе?! Әрдайым ізгілікті көксеген жүрегінен бұрқ етіп атылған жыр шумақтары аз емес. Ақынға арналған оқу залында қөрме ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның кітаптары және ол туралы баспасөзде жазылған материалдар қойылды.
Іс-шара соңында Қайым Мұхамедхановтың мәтініне жазылған ең алғаш Қазақ елінің әнұраны орындалды. Әнұранды жүрек тебіренісімен тыңдаған оқырман қауым ерекше бір сезімге бөленіп, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсті.
|