Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Ереуіл атқа ер салмай» (Қазақтың ержүрек батыры және жалынды ақын М.Өтемісұлына 210 жыл) |
«Ереуіл атқа ер салмай» (Қазақтың ержүрек батыры және жалынды ақын М.Өтемісұлына 210 жыл)
Қазақ халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығына арнап ақынның шығармашылығын насихаттау барысында Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азматтарға арналған арнайы кітапханасында «Ереуіл атқа ер салмай» тақырыбымен әдеби кеш өтті. Кешті кітапханашы Л.Абжаппарова ақынның өмірбаяны жайлы деректерден бастап кетті. Махамбет Өтемісұлы - 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Нарын құмның Жанқұс жерінде туған. Атасы Құлмәлі, әкесі Өтеміс те өз заманында айтулы тұлғалар болған. Құлмәлінің тұқымынан билер де шешендер де шыққан. Махамбет жастайынан ақындық өнерге құмартып өсті. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел құрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз құбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен. Есімі қалың жұртшылыққа таныла бастаған асқақ ақынды Жәңгір хан өз еркіне көндіріп, билік басында отырғандарға қарсы өлеңдер шығаруға тиым салғысы келеді. Алайда көзі ашық, көкірегі ояу ақын оның бұйрығына мойын ұсынбады. Ал Жәңгір хан болса, оған үстемдік жасау мақсатымен Махамбетті қамауға алғызды. 1829-1830 жылдар аралығында Махамбет қала бекшісінің түрмесінде отырды, бостандыққа шыққан соң Исатай Таймановқа қосылды. 1836-1838 жж. И.Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің жалынды жыршысы, қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі болды. Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та Махамбетті қудалауын қоймады. Ол ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан құралған қарулы жасақ жібереді. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза табады. Махамбет халықты патшалық, хандық өіметке қарсы қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Махамбет шығармалары-бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. Қаншама қиын қыстау кезеңдерді бастан өткізген қазақ елінің азат ел болуына осындай дара, дана тұлғалардың өмірлері болашақ ұрпақтарға үлгі өнеге болсын демекпіз. Ақынның көптеген өлеңдері айтылып, үзінділер оқылды. Оқырмандар арасында ақынның өлеңдеріне өзара пікірталастар туды. Әдеби кеш тартымды әрі қызықты болып өтті. (Эльмира Әбжаппар – ОҚО арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы) Іс-шара 28 қаңтар 2015 ж. өтті
|