Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Ғашық жүрек – мәңгі соғар дүрсілеп» (15 сәуір – Ғашықтар күніне орай) |
Адам баласының жанын жадыратып, көңіліне көктем лебін естіріп, жүрегіне жаз орнататын тұп-тұнық кәусар бұлақтай мөп-мөлдір кіршіксіз таза сезімнің сыңары өмірде ұлы құдіреттің иесі шынайы махаббат екені даусыз. Осыған орай біздің облыстық арнайы кітапханада «Тағдырластар» клубының кезекті отырысының мерекелік кеші болып өтті. Кешті кітапхана қызметкері «Тағдырластар» клубының жаңа жетекшісі Ербек Бакиев жүргізді. Мерекені махаббатқа арналған жыр шумақтармен ашты. О махаббат сезім сырын ұқтырған, О махаббат сан арманды түлеткен. Талай жанды бір-бірімен жұп қылған. Талай ақын ғашықтарды жыр еткен. Бағынбайтын алай-дүлей дауылдай, Махаббаттың құдіреті болмаса, Жүректерді бір арнаға жықтырған. Мөлдір сезім туылар ма жүректен. Жүргізуші келесі кезекті кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева сөз берді. Сөз алған Ләззат Сағынбекқызы келген қонақтарға ақ тілегін жолдап «Тағдырластар» клубының ендігі жетекшісі Е.Бакиевті таныстырып өтті. Мерекелік шара әсем әнге ұласты. Бәйдібек ауданынан келген өнерлі әнші Н.Төребаев махаббат тақырыбында шарықтата ән шырқады. Сондай-ақ кеште жырлар оқылып, махаббат тақырыбында түрлі сұрақтар мен сұхбаттар жасалды. Бұл кештің тағы да бір ерекшелігі Алматы облысындағы Республикалық «Жанар» оқу орталығының бір топ ару қыздары тікелей байланысқа шығып, ғаламтор желісінде скайп арқылы бастан аяқ бүгінгі кештің куәгері болып, сыр-сұхбатқа араласып, сұрақтарға ортақ жауап беріп отырды. Кеш барысында тифлобөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова махаббат күні мерекесінің шығу тарихына тоқталып өтті. Сонымен қатар, мерекелік шараға ОҚО мүгедектерді оңалту орталығының демалушылары мен облыстық «Үміт» мектеп-интернатының жоғарғы сынып оқушылары да қатысты. Мектеп оқушылары Ә.Батырхан мен Ә.Өміртай қазақ ақындарының махаббатқа тұнып тұрған лирикалық жырларын оқыды. Және де махаббат арнасында әрбір тағдырластың ой - пікірі ортаға салынды. Сарыағаш ауданынан келген кітапханамыздың белсенді оқырманы Д.Сейдазимованың орындауында «Махаббат» атты әсем әнін келгендер тебірене тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Оқырмандармен бірге түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, барлығына мерекелік кештен естелік махаббат күніне байланысты алқызыл жүрекшелер мен тәтті сыйлықтар табысталды. Оқырмандар арасынан тағы да Н.Төребаев кезек алып, іңкәр сезімге тұнған әсем әнімен барша жұртшылықты тамсандырып, толқытып тастады. Кеш соңында Ләззат Сағынбекқызы сөз алып кітапхананың соңғы жаңалықтарымен таныстырып, барша оқырманды кітапханаға жиі-жиі келіп тұруға үндеді. Е.Бакиев келген тағдырластарға үлкен алғыс білдіріп, мерекелік тілегін жолдап, барша қонақтарға баянды бақыт тілеп кешті қорытындылады. Кеш соңында барлығы мерекелік естелік суретке түсіп, ерекше сезімге бөленіп, көтерінкі көңіл күймен тарасты. (Ербек Бакиев – ОҚО арнайы кітапханасының тифлолог-редактор) Іс-шара 16 сәуір 2015 ж. өтті
|