Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Абылай хан - ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» (Қазақ хандығының 550 жылдығына орай) |
Өтетін уақыты: 3 маусым, сағ 11-00. Іс-шараның мақсаты: қоғамдық саяси әдебиеттер мен қазақ тарихын насихаттау, жастарды отанды сүюге, ұлтты құрметтеуге баулу. Биылғы жыл мемлекет басшысы айтқандай, 2015 жыл тарихи кезеңдердің тоғысқан сәттерге толы жылы болып отыр. Соның ішінде қазақ халқының біртұтас мемлекет болып қалыптасу жолымен тәуелсіздікке жетудегі еркіндік жолының түп-тамыры осыдан 550 жыл бұрын құрылған қазақ хандығы болып табылады. Ғасырлар бойы сан қилы тауқыметті тартып, аумалы-төкпелі заманды басынан кешіріп бейбіт күнді арман еткен бабаларымыздың хандық жолындағы ерен ерлігін бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағы кең көлемде танып, кейінгі буынға насихаттауда. Оның бірден бір дәлелі «Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» атты ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада үлкен іс-шара өтті. Алматы, Шымкент, Орал қалаларының арнайы кітапханалары арасында тікелей телекөпір болды. Телекөпірді өткізудегі негізгі мақсат қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Осыған орай, Алматы қаласының республикалық арнайы кітапхана ұжымы Қасым ханның өмірімен ерлігін таныстырып өтті. Шымкент қаласының арнайы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары бұл іс-шараға қатысып, Абылай ханның өмірдерегі мен өнегелі ерлігін кеңінен дәріптеп өтті. Іс-шараны кітапхана тифлобөлім меңгерушісі Абжаппарова Ләззат Ақылбайқызы жүргізді. Алдымен Хан Абылайдың өмір жолы мен атқарған ерен ерлігі жайында баяндады. Кеште одан әрі кітапхана директоры Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлына сөз беріліп, келген оқырмандар мен тікелей байланыстағы әріптестерге 550 жылдық мерейтоймен құттықтап, ақ тілегін жолдады. Іс-шарада үш жүздің игі жақсылары жиналып, Абылайды хан сайлағалы тұрған сәтінде Бұхар жыраудың берген ақ батасы сахналанып, сомдалды. Іс-шара барысында кітапханамыздың белсенді оқырманы Темірбаев Ержанның орындауында «Халық қасиеті» атты патриоттық әнмен сабақтасты. Әннен оқырмандар ерекше әсер алды. Шараны жүргізуші Ләззат Ақылбайқызы келесі кезекті арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиевке ұсынды. Е Бакиев өз шығармасынан қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандары» атты өлең жырын тарту етті. Кітапхана қызметкері Н.Баймұратова қазақ хандығының 550 жылдығына жарық көрген «брайлша», «сөйлейтін» кітаптармен таныстырып өтті. Жиналған оқырман қауыммен тікелей телекөпірдегі әріптестер хан Абылай жайындағы мағлұматпен толық дерлік ақпараттанды. Шараны одан әрі Орал қаласының арнайы кітапханасы алып, Әбілхайыр ханның өміртарихына зер салып, жасаған жұмыстары мен жорық шайқастарынан деректер келтірді. Ән шырқалып, тарих саласының маманы сөз сөйлеп, өз баяндамасын жасады. Келген оқырмандар мен әріптес, замандас, кітапхана қызметкерлері өткен тарихтың қалың қойнауынан терең сыр ұғып, өтпелі кезеңдердің өр толқындарының куәгері болды. Елдікпен ерлікті сабақтастырған осынау ұлан ғайыр даламызды жаудан сақтап, тыныштық пен ынтымақтастықты берік ұстанып, қандай қиын заман болса да, тәңірдің берген күшімен азаттыққа жету жолында бар күш-қайратын туған даласына арнаған қазақ хандарының ерлігі мен еңбегі, көрегенділік пен өнегелі істері ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырып, есімдері тарих беттерінде сайрап, тақтасында алтын әріптерімен жазылып, сақталып тұрары ақиқат.
|