Негізгі
Библиографқа сұрақ қойыныз
Мы в социальных сетях
«Абай әлемін жүрегіммен ұғындым» (Зағип оқырмандар арасындағы байқау) |
А.Құнанбаевтың 170 жылдығына орай облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана оқу залында 27 тамыз күні ауқымды іс-шара өтті. Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес - Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмей тұғын артында сөз қалдырған,»- деп төрелігін өзі шешкен Абай - бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де, бізбен бірге жасасып келеді. Ұлы атамыздың бізге берген еншісі, қалдырған аманаты – асыл сөздері, өлмейтін өлеңдері. Біз оны ардақтаймыз. Аз өмір сүріп, азаппен өткен Абай бүгін бізбен мәңгі жасамақ. Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздеріне қарап қазіргі заман жастары үлгі өнеге алса, болашақ еліміз мықты азаматтардың тізгінінде болар еді деп мақтана аламыз. Қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны, қазақ әдебиетінің негізін қалаған, өзінің қара сөздерімен, даналығымен, тапқырлығымен, жалпы шығармашылығымен қазіргі күнге дейін бүкіл әлемге әйгілі де танымал болған Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай әлемі» атты І топ көз мүгедектерінің арасында облыстық байқау болып өтті. Байқаудың негізгі мақсаты зағип жандарды жарыстыру емес, ақынның шығармасын оқырмандарға насихаттау, осы байқау арқылы ақынның қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін, аудармаларын мәнерлеп, нақышына келтіріп орындау, жүрекпен ұғыну. Іс-шараға абайтанушы, доцент Тұрдыбай Қалдыбайұлы мен «Абай» атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Ендібаева Гүлнар Қамбарбекқызы арнайы шақырылды. Кешімізді ашып берген Тұрдыбай аға оқырмандарға Абай туралы әңгімелеп, атқарылып жатқан іс-шараның маңыздылығына, ерекшелігіне тоқталып өтті. Шын мәнінде, Тұрдыбай ағаны таңқалдырған - зағип жандардың өнерге, поэзияға, жалпы кітапхана қабырғасында өтіп жатқан іс-шараларға деген олардың құлшыныстары, белсенділігі. - Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың мына заманда кітапханаға кіріп, кітап оқып, оның іс-шарасына қатысуы қиындау, - дейді доцент аға. Байқауға қатысушылар кітапханамыздың аудандардан келген белсенді оқырмандары, І топ көз мүгедектері: Барлыбаев Жомарт (Төлеби), Халматова Салтанат (Сайрам), Тайтелеева Ақжүніс (Шымкент), Смандияр Айнұр (Ордабасы), Оралбек Нұрлан (Төлеби) болды. Байқауға абайтанушы, доцент ағамыз Тұрдыбай Қалдыбайұлы, Ендібаева Гүлнар Қамбарбекқызы, Темірбаева Ләззат Сағынбекқызы әділ қазылықтарын жасады. Байқауымыз 5 шарттан тұрды: «Сәлем – сөздің атасы» (Байқауға қатысушылар өзін-өзі таныстырады), «Абай ойшыл» (Абай қара сөздерін нақышына келтіріп айту), «Абайдың – ән маржаны» (Абайдың әндерін орындау, эстрадалық жанрда, түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен), Сұрақ-жауап (Абай шығармашылығынан сұрақтар, Абайдың нақыл сөздері), «Қазақ өлеңінің ұлы атасы» (Абай өлеңдерін жатқа, нақышына келтіріп мәнерлеп оқу). Кітапханамыздың белсенді оқырманы Смандияр Айнұр өзінің «Шалқыған шалқар шабытым» атты әнін оқырмандарға тарту етті. Байқауға қатысушылар 5 сайыстан мүдірмей өтіп, жоғары денгейде өнер көрсетіп «Қазыналы – қара сөз», «Талаптың мініп тұлпарын», «Жүйрік ойдың шебері», «Кемеңгер тұлға – Дана Абай», «Өлең сөздің патшасы» атты номинациялық дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, ел қамын жақтаған жырау, жыршы, қазақтың дана да, дара ұлы ақыны екенін жас ұрпаққа, оқырманға жеткізуді мақсат еткен кітапханашылар «Кемеңгер тұлға – дана Абай» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме сөрелерінде дыбысталған, бедерлі-нүктелі және жазық баспалы әдебиеттер мен Абай атамыздың кіші қалыпты мүсіні қойылды. Кеш тартымды да қызықты өтті. Оқырмандар шабытты, хош көңілмен тарқасты. Облыстық арнайы кітапхана директорының орынбасары: Л.Темирбаева
|