Жанибеков

Құрастырушыдан

 

Өнегелі өміріне қанша айналып соқса да

артықтық етпейтін азаматтар болады.

Солардың бірі де бірегейі - Өзбекәлі Жәнібеков.

 

Қ.Ергөбек.

Өзбекәлі – қазақ халқының ақ, адал, таза, көргенді перзенті. Білгені көп, ойшыл, дана туған азамат. Бойына біткен көрегендігі мол елін, жерін жақсы көретін ұлтжандылық қасиеті жоғары жан болды. Отызыншы жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған халқымыздың ұлылары Шәкәрімді, Ахметті, Мағжанды, Жүсіпбекті, Міржақыпты және де басқа қазақтың марқасқа азаматтарын ақтап алудағы парасатты, қайсар, ойлы қимылдары ел есінен кете қоймас.

Тарихшы-этнограф, өнертанушы ғалым, жазушы Өзбекәлі Жәнібеков өзінің «Жолайырықта», «Қазақ қолтумасының мәдениеті», «Жаңғырық...Алтын домбыра жайындағы аңыздың ізімен», «Уақыт керуен» атты еңбектерінде айтқан қазақтың тарихы мен этнографиясына, дәстүрлі өнері мен шығармашылығына байланысты тұжырымды ой-пікірлері, қазіргі таңда үлкен орын алып отыр. Өз еңбектерінде алғашқы аңшының қосы мен кепесінен жылжымалы және тұрақты баспаналардың соңғы үлгілеріне дейін жүздеген, тіптен мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан халық сәулеткерлігін зерттеп келді. Жүргізген тарихи, археологиялық және этнографиялық зерттеулерінде, өзі жинаған мәліметтерге сүйене отырып, қазаққа тән жылжымалы баспананың түрлерін-қос, күрке, абылайша, туырлық үй, ақүй, қараүй, отау, орда деп, тұрақты мекнжайдың үлгілерін-шошала, қоржынүй, тоқалтам, тіркеспе, шарбақүй, дүкен, қыстық деп жіктегені  ғылыми тұрғыда үлкен орын алып отыр.

Халқымыздың қазақ, қыпшақ атанып жүріп, төрт түлік мал ұстап, көшпелі өмір кешкен тұсындағы негізгі баспанасы-киіз үй болғанын айта келе, оның көшпелі халықтардағы баспананың қай-қайсысынан болса да шоқтығы жоғары, жылжымалы тұрғын үйдің ең жетілдірілген түрі болғанын айтады. Киіз үйдің қазіргі тұрмысқа да қызмет ете алатынын ескере отырып, киіз үй жасау өндірісін Маңғыстау, Сырбойы, Талас-Шу өңірлерінде жақсы дамығанын айта кетеді.

Өмірі өнегелі болып отырған Ө.Жәнібековтың 80 жылдығына орай, арнайы кітапхана «Өмірі өнеге, тірлігі тағылым» атты библиографиялық көрсеткішті оқырман қауымға ұсынып отыр.

 

 

 

 

Өмірдебек

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Отырар ауданы жеріндегі Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы «Сарықамыс» қонысында туған. 1938 жылы сол кездегі Овцевод ұжымшарының мектебіне оқуға барады. 1945 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектеп-интернатында оқып, 1948 жылы бітіріп шығады.

 

 



 

 

1952 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіреді.

 



 

 

 



 


1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданындағы «Ленин жолы» орта мектебіне жолдама алып, қызмет жасайды. 1955 жылы Келес аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады.

1955 жылдан комсомол жұмысында болды, алдымен Келес аудандық комсомол комитетінің І хатшысы, кейін облыстық комсолмол комитетінің хатшысы, І хатшысы, 1971-75 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, 1975-77 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі, 1977-84 жылдары Республика Мәдениет министрінің орынбасары, 1984-87 жылдары Алматы облысы Атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1987 жылы Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі болып тағайындалды. 1988 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы. 1991 жылы 28 тамызда Коммунистік партия тарады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог, өнер зерттеуші Ө.Жәнібеков ұрпақ мәдениетін жақсартуға, ұлттық мәдениетті дамыту ісіне, халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін дүниеге танытуға үлкен үлес қосқан ғалым.

 



 

Халқымыздың этнографиялық жәдігерліктері, бабалар ескерткіштері, өнері туралы, обылысымыздың тарихы, елдің тарихы туралы «Қазақтың қолтума мәдениеті», «Жаңғырық», «Алтын домбыра жайлы аңыз», «Уақыт керуені», «Жол айырықта», «Қазақ киімі», «Тағдыр тағылымы» деген кітаптар жазды.

Ө.Жәнібеков үш реет (1966, 1971, 1973 жылдары) Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Бейіті өзі туған Отырар ауданындағы Арыстанбаб зиратында.

 

 



 

 

Қазақтануға мейлінше мол еңбек сіңірген ерен тұлға Өзбекәлі Жәнібеков көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ.

 

 

 

Өзбекәлінің өсиет ойлары

 

  • Қазақтың қазіргі заманғы ұлт деңгейіне

көтерілуі үшін басты шарттың бірі оның тілін ғылым мен техниканың, іскер қауым мен сыртқы байланыстардың, президент аппараты мен парламенттің, үкімет пен жергілікті басқару орындарының, армияның тіліне айналдыру дейтін болсақ, мұнда өнерге де қатысты шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті. Осы тұрғыдан алып қарағанда, орталық баспасөзде жарияланған «Қазақстан республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы заңның» жаңа жобасының ұсынылғаны құптарлық болды. Осыған байланысты, бәлкім, 1944 жылға дейін республикада жүргізіліп келген қазақ тілін білуге ынталандыру саясатына қайтып оралған да жөн болар дегім келеді.

 

 

  • Қазір Қазақстан отаншылдығы (патриотизмі)

деген мағынаға үлкен мән берілетіні байқалып жүр. Мұның бүгінгі таңда өте орынды қойылып отырғанына күмәндануға болмайды. Бірақ оны қазақ отаншылдығынан бөле - жара қараудың қисыны жоқ. Өйткені, кәдімгі өзіміз қолдайтын жалпыға ортақ интернационализмнің өзі ұлттық мақтаныштан, туған жерде қалыптасатын кіші отаннан, оның салқын самалынан, хош иісінен, тіпті балалық шақтың ертегілерінен, ән-күйлерінен, ойындарынан, сайып келгенде, от басындағы наным - танымнан нәр тартатыны белгілі. Мұның өзі халық педагогикасымен, әлеуметтік тәлім-тәрбие жүйесімен, оның мұқият үйлестірілген имандылық - эстетикалық қағидаттарымен байланысты өрбитін құбылыс.

 

 

  • Қазір бәрімізді алаңдатып отырған көп

келеңсіздіктің, әсіресе тәртіп бұзушылықтың, қылмыскерліктің, жезөкшеліктің, нашақорлықтың өрістеуі, ең алдымен мектепті былай қойғанда, «от басы, ошақ қасындағы» тәлім-тәрбиеге байланысты. Туған-туысқандарға мейірімді болу, үлкенді сыйлау, кішіге зиялық, уақыт өткен сайын ұлғая түсетін қарттарға, мүгедектерге деген қамқорлық қазақ дәстүріндегі ерекше мән берілетін, халықтың қанына сіңген ұлттық игі қасиеттер болған. Егер байыбына барсақ, мұның өзі белгілі бір мөлшерде жеткіншек ұрпаққа қамқорлықтан туған.

 

  • Жыл өткен сайын алшақтап бара жатқан

адам мен табиғат арасындағы сәйкессіздік анау, бірінен соң бірі апат аймағына айналып жатқан аудандардың көбейе бастағаны мынау. Соңғы кезде «экология» деген түсініктің өзіне де жұрт үлкен мән беретін болып жүр... Рухани экология, имандылық, адамгершілік, мейірімділік, мәдени экология деп те айтатын болдық. Осы бағытта қоғамтанушы ғалымдар да игілікті іс атқара алар еді.

 

  • Ойлап қарасақ, шәкірт мектеп бағдарламасы

бойынша көзі көріп, құлағы естімеген аймақтардың жер қыртысы, ауа райы туралы оқиды екен. Бұл дұрыс-ақ болсын, оның білімін толықтырады, баланың дүниетанымын кеңейтеді делік. Ал оның керісінше өзі өскен, өзі тұратын жердің географиялық жағдайын, экологиялық және экономикалық жағдайы жайында ештеңе сезбейтін ересек адамдар пайда болады емес пе? Бұл шындық. Өкінішті, әрі жедел қолға алатын мәселе.

 

  • Ия, перзенттік парыз деген қасиетті

ұғымның қадірін түсініңкіреп алдық, ағайын. Үлкеннің алдын орап сөйлегеннің өзін әдепсіздік деп санайтын қазақтан әкесі мен шешесін сыйламайтын, атасы мен әжесін әжуалайтын, тіптен оларға қол жұмсайтын жастар да туа бастағаны өкінішті-ақ. Үйдің бөлмесін бөлісе алмайтын, ата-анасымен соттасып жататындардың да хабары бізге жетіп жатады. Бұрын мұндай сұмдықты естімейтін едік. Қазір қарттар мен мүгедектер үйлерінде қазақтың 700-ге жуық кемпір-шалдары бар. Біреулер «бұл онша көп емес қой, оны несіне сөз қылады» деуі де мүмкін. Олай болса, осыдан небәрі 5-6 жыл бұрын мұндайлар қазақтан ілуде біреу ғана болғанын да ұмытпалық!

 

 

Ел-жұрты еске алады

 

 

 

Арқа сүйер ақылшымыз еді.

Қазақ қыздарына ағаны арқа тұту деген ізгілік болса, сондай медет сүйенішті мен Өзбекәлі Жәнібековтен көп көрдім. Арыс қаласында ешкімге беймәлім жұмыста жүрген жерімнен облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөліміне жұмысқа шақырды. Өзекең жас азаматтың бойынан жылт еткен жалынды байқаса болды, оның ұлтына, шыққан тегіне қарамай, қыр соңынан қалмайтын. Оған әртүрлі тапсырмалар беріп, өзіне қаратып алатын да, өміріне үлкен жаңалық сыйлап, оның ойына кірмеген биіктерге талпындырып, қияға ұшыратын. Өзегең баулыған, бауырынан қанаттанып ұшқан шәкірттерді қайда да болса көптеп кездеседі.

Пайғамбар жасынан енді ғана асқан аптал азамат, талғампаз ұстаздың мезгілсіз қазасы жайлы хабар денемді мұздатты. Өзекеңнің кезекті тапсырма үстінде айтқан: «Дүйсенкүл, сенің анаң бар екен. Ал менің анам – елім. Сол елге өле-өлгенше қызмет ету борышым» деген сөзі жадымда жаңғырық атты. Ел үшін еңбек етудің ерен үлгісі сәт сайын биіктей берсе керек.

 

Қайраткер-зейнеткер Дүйсенкүл Бопова

 

Арыған сайын тың жортқан.

Ол кісі туралы аңыздайтын хикаялар аз айтылмайтын-ды. «Алматыда айтыпты, Торғайда бүйтіпті, Түркістанда сөйтіпті..» басқа тірліктерін былай қойғанда, тарих-этнография, ұлттық қолданбалы өнердің арғы-бергі жақтары, музей ісі, әдебиеттану салаларындағы зерделі зерделеулері, талғамды туындылары Өзекеңді өрелі биіктерге көтерді. Ол Қазтуған жыраудың «Арыған сайын тың жортарын» жиірек қайталайтын. Өзі де сөйтті.

«Халық үшін жаралған тосын кісі қасіретпен қайраттың қосындысы», - деген еді дауылпаз ақынымыз Хамит Ерғали қасиетті тұлғалар турасында. Өзбекәлі ағамыз-сондай тұлғалардың бірі. Тәкен Әлімқұловтың Бабатаға мәңгі қоныс аударғанындай, Өзбекәлі Жәнібековтің Отырарға мәңгілік оралуы да тегін емес.

 

 

Жазушы М.Байғұт.

Сол мектеп қабырғасында-ақ Өзбекәлінің өнер десе  ішкен асын жерге қоятын құштарлығы таңдандыратын. Қашан, қайда, кімдердің басқосуымен талқыланып жатқан, ұйғарылған, заң жүзіне енген өнер, мәдениет мәселелері болса, Өзбекәлінің аузынан бірінші еститінбіз. Кішкентай ауылымыздың қазақтың ежелгі тарихына, көне сарынына, қолданбалы өнер әлеміне ашқан үлкен терезесі-Өзбекәлі болатын. Кейіннен бұл терезе бүкіл еліміздің этнография ендігімен дәуір тереңіне ашылған есігіне айналды.

Жеті жұрттың адырнасындай жетімдіктің жүрегінен көтерілген қадірлі дос, қимас бауырымыздың қазасы жан жүрегімізді езіп кетті. Қамыққан көңілге демеу – соңғы тынысынан кейінгі шын өмірінің туған топырағында жалғасатындығы.

Әмір Мұсақұлов,

ХҚТУ Шымкент бөлімшесінің доценті.

 

Азамат керек өзіңдей.

Отаным, Елім, Жер дейтін

Руға, жүзге бөлмейтін.

Тамыры жатқан тереңде

Тарихын елдің біл дейтін.

Халықтан жүрер бөлінбей,

Азамат керек өзіңдей.

 

Намысты қолдан бермейтін

Алысқа құлаш сермейтін.

Желбуаз, жемқор пендені,

Шамына тиіп жерлейтін.

Ақ қайыңның безіндей,

Азамат керек өзіңдей.

Өлкені әнмен тербейтін,

Өнерін елдің көр дейтін.

Қазақ үшін аянбай

Жаныңды да бер дейтін.

Кешегі баба көзіндей,

Азамат керек өзіңдей.

Басқамен іргең тең дейтін,

Ұлты үшін терлейтін,

Құшағын ашып, мейіріммен

Бар қазаққа кел дейтін.

Уызы ұлттың сөліндей,

Азамат керек өзіңдей.

Аман болса алтын құрсақ аналар,

Туар әлі Өзбекәлі даналар.

Қазағымның марқасқасы еді-ау деп,

Еңбегіңді кейінгі ұрпақ бағалар.

 

Өзбек Мұқашев,

Арқалық қаласының Құрметті азаматы

Өзбекәлі аға дүние салғанда...

Маңдайына біткен халқымның

дара тұлға, жан аға.

Сөнгендей көкте алтын Күн,

түнерді бүгін дала да.

Жайсаңдар кетті.

Кім қалды?

Сәуле себуші ең санаға.

Сұңқардай сұлу тұлғаңды

сұм ажал алып бара ма?

Сүйсінсең жүзің нұрланып,

жалғандық сезсең, шарт сындың.

Өнерлі болса, тұлға ғып,

жас балаға да бас бұрдың.

Жарамсақтарды жасқадың,

шындықты айтудан қашпадың.

Қандай сайларда жүрсең де,

биіктерге елді бастадың.

Қарттардың көзі бұлдырап,

бауырлар қалды тұнжырап.

Өлімге Сізді қия алмай,

Қарындастарың тұр жылап.

қарындастарың тұр жылап.

Мекен ғып мәңгі сыз жерді

қаласыз ба мынау далада?...

Қара жерге беріп Сізді, енді

қалай кетеміз, жан аға?

 

Әулиедей ұлын елейді ел,

нұр төксін Алла-тағала.

Рухыңмен елді жебей гөр,

Қош деймін... қайтем, жан аға!

 

Фариза Оңғарсынова,

Қазақстанның халық жазушысы, ақын

 

Өзбекәлі аға

Білем сені, жан аға, жас кезімнен,

Махаббатқа, бақытқа мас кезімнен.

Сөйлетіп ең Қазан вокзалында

Шықпап еді сонда бір жас көзімнен.

... Бірі білмей қазақтың бірі біліп,

Жүрген тұста жанымды бір ұғынып.

Жырларымды ЦК-ның бюросында

Талқылаттың,

Ұмытпаймын мен оны тірі жүріп.

... Өттің сен де, жан аға, талай жолдан.

Қалай болды, белгілі қалай болған.

Жан гүлімді ақырын ашқан сайын

Тағдырыңды сенің де сан ойлағам.

Бірде биік, бірде ұштың сен төмендеп,

Бірақ босқа кетпеді еткен еңбек.

Жүрдің үнсіз бәріне төзіп, шыдап,

Кірдің елдің жанына көп тереңдеп.

Бірден қайдан кете алсын үміт гүлдеп,

Соқты алдыңнан жел гулеп, суық гулеп.

Ел аузынан тастамай айтып жүрді,

Ел тізгінін ұстайтын жігіт бұл деп.

Ел тізгінін ұстатты, ой тізгінін,

Тоқсан ойға сүйреді тойсыз күнің.

Бердің жұртқа бойдағы асылыңды,

Көрдің талай тірліктің жайсыздығын.

Қамқор көзбен қарадың маған дәйім,

Бірге өсіп, бір туған ағамдайын.

Шапағатпен өзіңді еске алармын,

Таусылатын кезде де жанар майым.

Құлап жатыр жұлдыздар көктен ағып,

Ер жеткен біз ұрпақпыз өрттен қалып.

Мен секілді талайдың бағын аштың,

Кемітпедің ешкімді беттен қағып.

Есіміңді еліңнің кең даласы

Ардақтайды, сен бе едің кем бағасы.

Шындық бүгін шырқап бір көкке шықты,

Сол шындықтың өзіңсің бел баласы.

Сен шындықсың-шындықтай келбеттісің,

Талайлардың жүрегін тербетті ісің.

Төрт ағаңды тірілттің өлді деген,

Жетіп соған ақылың, жүрек күшің.

Сен шындықтың желісің соғып тұрған,

Білігіңе кетейін болып құрбан.

Жомартымсың бүгінгі туған елге

Уақыт өзі әкеліп жолықтырған.

Өзбекәлі көтерген алаулардың,

Шүкір оған, ішінде мен де бармын.

Тынысымды бұдан да кең алармын,

Демалатын кезімде демалармын.

Мүмкін саған бала боп көрінемін.

Мені алыстан шақырған өрім едің.

Жетім күнде аялы алақан боп

Жетуіме жәрдемші болып едің.

... Қайғы да өтті басыңнан, құса да өтті,

Көз алдыма көп келді құс әдепті.

Асыл аға, кеудемде өзің жайлы

Жүрген өлең, қағазға түсе кетті.

Өмір бойы бір мақсат қуаладың,

Топтан озып демей-ақ ту аламын.

Елдің қамын ойлаған азаматқа,

Бердім мен де жанымның бір алауын.

Сенімімсің сен менің мәңгі құптар.

Көрген жақсылықтарын кім ұмытар.

Ел сенетін кісінің биіктерде

Жүруінің өзінде заңдылық бар.

Шығып жүрсің жерінен елің күткен,

Мен қараймын өзіңе тек үмітпен.

Биігіңде бола бер, биігіңде

Сәулең елге түсер сол биіктен.

1988ж.

 

 

Тұманбай Молдағалиев,

Қазақстан халық жазушысы

 



 

 



 

 

 

 



 

 

 




 

 

 

 



 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған құжаттар

 

1. 63.5(5Қаз) Арғынбаев;Х.

Қазақ халқының қолөнері [Мәтін] /Х.Арғынбаев.-Алматы, 1988.

2. 63.5(5 Қаз) Арғынбаев,Х.

Қазақтың малшаруашылығы жайында [Мәтін]: этнорафиялық очерк /Х.Арғын-

баев .-Алматы, 1967.

3. 63.5(5Қаз) Жәнібеков,Ө.

Жолайырықта [Мәтін]: көкейкесті тақырыпқа сұхбат /Ө.Жәнібеков.-Алматы: Рауан,1995.-111 б.

4. 9(5Қаз)я2-ОҚ

Оңтүстік Қазақстан: шығармашыл                     зиялылар [Мәтін].-1 басылым.-Алматы: «Нұрлы Әлем»,2001.-320 б.

5. Ергөбек,Қ.

Бас музейші [Мәтін]/Қ.Ергөлек //Егемен Қаз.-2008.-26 наурыз.-Б.4.

6. Шағатай,Ж.

Қарайлап алды- артына ғұмыр кешкен... [Мәтін] /Ж.Шағатай //Түркістан.-2007.-№6.-Б.11.

7. Жолдасбеков,М.

Өмірі - өнеге, тірлігі - тағылым [Мәтін] /М.Жолдасбеков //Егемен Қаз.-2006.-27.желтоқсан.-Б.4.