«Тұңғыш генерал – С.Рахимов» |
Өтетін уақыты: 13 мамыр, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: ардагерлерімізді құрметтеу және оларды білу мақсатында үгіт насихат жүргізу, соғыс туралы әдебиеттерді насихаттау.
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін еліміздің барлық өлкелерінде қошеметпен атап өтудеміз. Қан майданда азаттық жолында өз жандарын құрбан еткен ардақты ардагерлеріміз жыл сайын арамыздан сиреп барады. Сондай ұлы қайталанбас тұлғалардың бірі қазақтың тұңғыш генералдарының бірі, біздің жерлесіміз, Оңтүстік тумасы киелі Қазығұртта туып өскен генерал Сабыр Омарқұлұлы Рахимов. Осынау ұлан ғайыр даланы бар жан тәнімен ел үшін қанын қиып, жанын берген батыр баба ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау аясында ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Тұңғыш генерал – Рахимов» атты іс-шара болып өтті. Шара аясында Сабыр Рахимовтың ерен ерлігі мен өмір тарихынан сыр шертетін деректі фильмдер мен бейне жазбалар көрсетіліп, естелік әңгімелер айтылды. Кең көлемді екі тілде кітап көрмесі ұйымдастырылды. 43 жыл өмірінде қыруар еңбек атқарған соғыс даласында жауға жүректілігімен, біліктілігімен, сауатты басшылығымен, қажырлы күш-қайратымен аянбай тер төгіп, қазақтан шыққан тұңғыш генерал атанып, ерлікпен 1945 жылы наурыздың 26 жұлдызында жеңіс күніне бір жарым ай қалғанша шайқасып, Польшада Данциг қазіргі Гданцк қаласында қаза тапқан. Сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына қойылған. Батырдың жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктері, атақ-данқтары мен атқарған еңбектерін кітапхана қызметкерлері көрермен қауымға тұтастай таныстырып жеткізді. Қазақ халқының ел үшін туған дара батырлары қаншалықты кең көлемде дәріптеліп, ұлт жүрегімен ұрпақ санасына сіңірілсе соншалықты ұлт жадында сақталып, өміршең мұра болып қала бермек. Кітапхана оқырмандары осындай ұлы тұлға, атақты тұңғыш генерал Сабыр Рахимовпен кеңінен танысып, түрлі фотосуреттерін көріп, ердің ерлігіне тәнті болып, әр қазақтың баласы осындай ержүрек, Отанға деген махаббаты берік болсын деген тілектерін ақтарып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
|
«Живу и помню» (Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай) |
Өтетін уақыты: 6 мамыр, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Отанға деген патриоттық сана-сезімді насихаттап, соғыс және тыл ардагерлерін аялап құрметтеуге және қай ел болса да халықтар бірлігі мен татулығын сақтай білуге тәрбиелеу болды.
6 мамыр күні ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында Қазақстан, Ресей, Беларуссия мемлекеттерінің 9 облысының (Шымкент, Алматы, Гомель, Волгоград, Херсон, Курск, Белгород, Ростов, Воронеж) зағип азаматтарға арналған арнайы кітапханаларының қатысуымен тікелей байланыста телекөпір болып өтті.
Бағдарлама Ресей мемлекетінің уақытымен сағат 10-00 де, жергілікті уақытпен 13:00 де басталды. Телекөпір: Ұлы Жеңістің 70-жылдық мерекесіне орай соғыс жылдарында аянбай еңбек етіп, жандарын құрбан етіп, келер ұрпақтың кемел келешегі үшін бейбітшілік жолында күрескен батырлардың ерлігін дәріптейтін, бабаларға арнап шығарылған «Живу и помню» атты кітабының тұсаукесері аясында болды. Телекөпірде арнайы кітапханалар басшылары және «Живу и помню» кітабына соғыс ардагерлерінің өз дауыстарымен жазылған естеліктеріне байланысты сол ардагерлер, сөз сөйледі. ОҚО арнайы кітапханасында А.Власов, В.Холодова еңбек, тыл ардагерлері және де соғыс жылында өмірге келген В.Качан қонақта болды. Кітапхана қызметкері О.Русинова кешті жүргізіп баршаны Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлерге сөз кезегін берді.
Қариялар келер ұрпаққа бейбіт заманның тыныштығын тілеп, ақ бата мен жүрекжарды тілектерін жолдады. Сонымен бірге кітапхана директоры Б.Нұрманбетов ардагерлерді мерекемен құттықтап ерен ерліктеріне шексіз алғысын білдіре отырып «Дорогие мои старики» атты әсем әнмен сабақтастырды. Халықаралық телекөпір байланысынан кейін Отан үшін от кешкен ардагерлер, шексіз ризашылығымен алғыстарын білдіріп жас ұрпаққа жақсылықпен амандық тілеп, еріксіз жанарларына жас алып қуаныштарын жасырмады. Облыстық арнайы кітапхана қызметкерлері ардагерлермен естелік суретке түсіп, ұзақ өмір, қажымас қайрат, зор денсаулық тілеп арнайы гүл шоқтарымен сый сияпаттарын тарту етті.
Өмір белестерінде өлшеусіз үлес қосқан, Отан жолында жан тәнімен аянбай жанын қиған, батыр бабалар есімі мәңгілік ел жадында сақталып, тарих тақтасында алтын әріптермен жарқырап жазылып қала бермек. Арада талай уақыт өтсе де ер еңбегі Отан алдында ұрпақ санасында жаңғырып қала бермек.
|
«Ерліктер, бағаланған күн» (9 мамыр Жеңіс күні) |
Өтетін уақыты: 29 сәуір, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: соғыстың 70-жылдық мерекесіне орай жастарымызды ұлтжандылыққа баулу, Отанды сүюге, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеу.
Ұлы Жеңістің 70-жылдық мерекесін тойлауымызға санаулы ғана күндер қалды. Осы орайда Отан алдындағы борышын ақтап, қанды қырғын соғысты тұншықтырып, ұрпағына шексіз бақыт әкелген ардагерлерімізбен кітапханамызда арнайы кездесу болып өтті.
Армысыңдар, ағалар, от кешкендер!
Ақ тәндерін боршалап оқ тескендер.
Армысыңдар, ағалар, ардагерлер!
Ар сыналған жылдарда от кешкендер-дей келе бүгінгі Ұлы Жеңістің 70-жылдығы қарсаңындағы кешімізге соғыстың от жалынынан өтіп, өліммен бетпе-бет кездесіп, адамзат қасіретін көзімен көріп елге аман оралып, бізге бейбіт те шаттық өмір сыйлаған, ардагер Құдайберген Тұңғышбаев атамыз бен тыл ардагері Малюкина Анна Климентьевна қатысты. Сондай-ақ, облыстық Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері төрағасының орынбасары С.Меңдіғұлов және Ауған соғысының ардагері А.Өтелбаев ардагерлерімізге алғысын білдіріп, сонымен қатар, Ауған соғысының ардагері, облыстық зағиптар кітапханасының директоры Б.Нұрманбетовке, Ресей Одағы Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық кәсіпорнының төрағасы 40-шы армия генерал майоры В.Ф.Ермаковтың қолы қойылған куәлігі мен «Участник боевых действий» медалін құрметпен тапсырды.
Кездесу барысында ардагерлеріміз өздерінің сұм соғыс жайлы естеліктерін үлкен толғаныспен, жүрекжарды әңгімелері мен терең баяндап берді. Қаншама адамды жалмаған сұм соғыс жайлы еске алулар еріксіз оқырмандардың көзіне жас алдырды. Іс-шараға «Үміт » мектеп-интернатының әлсіз көретін оқушылары белсенді ат салысты. Интернаттың «Сұңқар» домбырашылар тобы «Ерке сылқым» күйін орындады. Кітапхана директоры орындаған «Катюша»-әніне ормандардың бәрі қосылып бірге шырқады. Сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангер жауынгерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алып құрмет көрсетілді.
Осы интернаттың жас оқушысы Жарқынбек Төлеген соғыс жайлы шығарған «Ұлы Жеңіс» өлеңін ардагер аталарымыздың алдында зор мақтанышпен оқып берді. Мектеп-интернаттың оқушыларынан құрылған «Самғау» тобының орындауында шырқалған «Ана» туралы және «Ямайка» әндері оқырмандарды керемет бұлбұлдай дауыстары мен таң қалдырды. Кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбева ардагер ата апаларымызға басын иіп, алғысын білдірді. Ардагерлер кітапхана атынан гүл шоқтары мен сыйлықтарға ие болды. Кездесу соңында кітапхана директоры Б.Нұрманбетовтың орындауында «День Победы» әні шырқалды. Ардагерлермен кездесу кеші есте қаларлықтай өте танымды өтті. Қайта сайланған елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Мәңгілік елге айналайық, елімізде тыныштық, береке, ынтымақ мол
болсын.
|
«Алашта талай талай, ерлер өткен» (Қазақ хандығының – 550 жылдығына орай) |
Өткен уақыты: 27 сәуір, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: қоғамдық саяси әдебиеттер мен қазақ тарихын насихаттау, жастарды отанды сүюге, ұлтты құрметтеуге баулу.
Қазақ халқы мекен еткен ұшқан құстың қанаты мен шапқан аттың тұяғы талатын ұшы қиыры жоқ ұлан ғайыр байтақ даламызда, сан ғасырлық сырға толы шежірелі тарихы бар аумалы-төкпелі замандар өткен. Сонау қилы замандар көшінде қазақ даласы қаншама азапты азалы күндерді басынан кешірген. Көптеген жаумен шайқасып, талай хандармен билер, батырлар елдің азаттығымен бейбіт тыныштығы үшін бастарын қатерге тігіп жандарын құрбан етіп алашта талай ерлер өтті. Биыл қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Осыған орай алаш ерлерінің ерлігін дәріптеп батырлығын бағалап хандардың қайсарлығын келер ұрпаққа кеңінен насихаттау аясында облыстық арнайы кітапханада тарихтан сыр шертетін танымдық іс-шара өтті.
Тарихқа үңіліп өткеннің парақтарын ақтарар болсақ алысқа бармай-ақ кешегі қазақтың соңғы ханы болған Кеңесары Қасымұлын алайық. Шыңғыс ханның 27 ұрпағы, хан Абылайдың немересі, халық хан Кене атанған Кеңесары Қасымов 1802 жылы өмірге келіп 1847 дүниеден өткен.
1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасыммен үлкен ағасы Санжар бастаған жасақтар орыс ауылдарымен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты. Міне солардың жолын жалғастырушы Кеңесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігін өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кеңесары хан 1837-1847 жылдары ұлт азаттық көтерілісін бастап патша үкіметіне қарсылық білдіріп өз елінің еркіндігі үшін бар жанымен аянбай тер төкті.
Қазақ халқы оның батырлығын ұлықтап, ерлігіне тамсанып 1841 жылы орта жүзден хан етіп сайлады. Өмірін өз ұрпағының келешегіне арнап кеудесінен соңғы демі шыққанша жаумен шайқасып, қайсар жүректі асыл ер 1847 жылы ерлікпен қаза тапты. Тарих қойнауында ашылмай, тың зерттеулерді қажет ететін Кеңесарының ерліктері әлі де сырға толы іздері бар.
Кітапханаға келген оқырмандар Кеңесары Қасымұлы жайында көптеген сырларға қанық болып, біршама мәліметтер мен сусындап, тарихтың тұңғиығына батып, жүріп өткен өмір жолымен өнегелі істеріне, ерліктері мен ерен енбегіне тәнті болып ерекше әсер алды. Кеш барысында оқырмандар Кеңесары Қасымұлына арналған бейнероликтерді тамашалап кітап көрмесіне қойылған сөрелерден «Хан Кене» сынды көптеген кітаптармен танысты. 45 жыл ғұмыр кешкен батыр қолбасшы әрі алаштың соңғы ханы Кеңесары есімі мәңгілік ел жадында сақталып, келер ұрпақ жүрегінде жатталып тарих төрінде, көңіл көгінде тұрары анық.
|
«Кітап – алтын қазына» (23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық Құқық күні) |
Өтетін уақыты: 23 сәуір, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызын, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы, кітап оқуға тарту.
«Халықаралық кітап және авторлық Құқық күні» деп ресми 23 - сәуір аталғандықтан біздің облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасы бұл атаулы күннен тыс қалмай оқырмандарымыз арасында «Кітап - алтын қазына» атты іс-шара өткіздік. Кітап арабтың «жазу» деген сөзінен шыққан. Ол тарих шежіресі, оқу тәрбие құралы болып табылады. «Оқымасаң ой тоқырайды» деген сөз кітап оқымағанның ойы таяз, санасы төмен, өмірі қараңғы болатынын дәлелдейді. Алғашқы кітаптар осыдан сан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Ол біздің қолымыздағы кітапқа мүлдем ұқсамайды. Алғаш рет кітап жұмсақ балшықтан жасалған. Жұмсақ балшыққа үшкір нәрсемен жазу жазып, оны кептіріп, кейін күйдірген. Ол кәдімгі кірпіш тас сияқты болған. Бамбук өсімдігінен таяқшалар әзірлеп соған да жазған. Ежелгі Египетте кітапты тасқа қашап жазған.Кейін жануарлардың терісінен пергамент деп аталатын материал жасалып, кітап соған жазылған. Еуропада кітап шығарудың негізгі материалы қағаз 13 ғасырда пайда болған. Кітаптың шығу тарихы мыңдаған жылдар мен ғасырларды артқа тастаған.
«Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана, әрбір жан өзін интеллегент бола бастадым деп санауына болады» деген Мұхтар Әуезовтың сөзімен келіспейтін жан бола қоймас. Шынымен де кітап арқылы адамзат ақыл-ойының, інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Кітап – барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез-келген сәтте көмекке келетін ерен күш , әрі білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да білімді адам шығаруда таптырмайтын баға жетпес дүние. Кітапқа байланысты іс-шара болғандықтан өзін рухани баймын деген азаматтар атсалысып түгелдей дерлік қатысты. Бүгін біз «байлықтың үлкені – рухани дүние» деп айтамыз. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі-білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті». Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсрепов ағамыз. Әр салаға байланысты неше түрлі өлеңдер оқылып, пікір таластар болды. Абонемент залында үлкен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандар ойларында жүрген көптеген кітаптар сұранысқа ие болды.
|
|
«Бірлігіміз берік, татулығымыз тұрақты» (1 мамыр ҚР Халықтарының ынтымақ күні 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы) |
Өтетін уақыты: 22 сәуір, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: Қазақстан халықтарының татулығы мен бірлігі және этномәдениетке шақыру, көпшілік алдында сөз сөйлеуге баулу.
Бірлігі мықты ел озады. Ел егемендік алғалы 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұрақтылық пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл "Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы" деп белгіленді.Қазақстан – тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитарлы мемлекет. Мемлекеттің басты міндеті – этносаралалық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт бірлігіне жету болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында облыстық арнайы көздері көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Ғунча» өзбек халық ансамбілінің қатысуымен «Бірлігіміз берік, татулығымыз тұрақты» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Келген қонақтарды кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева таныстырып өтті. Оқырмандар өзбек халық ансамблін жылы көңіл-күймен қарсы алды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мирхашимов Мирабдумажит Миркадырұлы оқырмандарға өзінің ыстық лебізін жеткізді. Алғашқы ән шашуларын әр ұлттың танымал әндерінен попурри орындады. Әр ұлттың әндері өзбек халық аспаптарының сүйемелдеуімен көрермендерге ерекше нәр беріп, тыңдармандарды керемет әсерге бөледі. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мирабдумажит Миркадырұлы оқырмандарды өзбек халық аспаптарымен таныстырып, әр аспаптың шығу тарихы мен орындалуына жеке-жеке тоқталып өтті. Өзбек халқының түрлі танымал әзіл және халық әндері өз нақышында орындалды. «Ғунча» ансамбль атауының өзі аударғанда «қауыз жармаған гүл» дегенді білдіреді екен. Оқырмандар көтеріңкі көңіл-күймен ән айтып, би-билеп бір сергіп қалды. Өз тарапынан кітапхана оқырмандары ансамбль мүшелеріне алғыстарын жаудырып, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тіледі. Кітапхана әкімшілігі тарапынан «Ғунча» ансамбль жетекшісіне алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
|
«Ғашық жүрек – мәңгі соғар дүрсілеп» (15 сәуір – Ғашықтар күніне орай) |
Адам баласының жанын жадыратып, көңіліне көктем лебін естіріп, жүрегіне жаз орнататын тұп-тұнық кәусар бұлақтай мөп-мөлдір кіршіксіз таза сезімнің сыңары өмірде ұлы құдіреттің иесі шынайы махаббат екені даусыз. Осыған орай біздің облыстық арнайы кітапханада «Тағдырластар» клубының кезекті отырысының мерекелік кеші болып өтті. Кешті кітапхана қызметкері «Тағдырластар» клубының жаңа жетекшісі Ербек Бакиев жүргізді. Мерекені махаббатқа арналған жыр шумақтармен ашты.
О махаббат сезім сырын ұқтырған, О махаббат сан арманды түлеткен.
Талай жанды бір-бірімен жұп қылған. Талай ақын ғашықтарды жыр еткен.
Бағынбайтын алай-дүлей дауылдай, Махаббаттың құдіреті болмаса,
Жүректерді бір арнаға жықтырған. Мөлдір сезім туылар ма жүректен.
Жүргізуші келесі кезекті кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева сөз берді. Сөз алған Ләззат Сағынбекқызы келген қонақтарға ақ тілегін жолдап «Тағдырластар» клубының ендігі жетекшісі Е.Бакиевті таныстырып өтті. Мерекелік шара әсем әнге ұласты. Бәйдібек ауданынан келген өнерлі әнші Н.Төребаев махаббат тақырыбында шарықтата ән шырқады. Сондай-ақ кеште жырлар оқылып, махаббат тақырыбында түрлі сұрақтар мен сұхбаттар жасалды. Бұл кештің тағы да бір ерекшелігі Алматы облысындағы Республикалық «Жанар» оқу орталығының бір топ ару қыздары тікелей байланысқа шығып, ғаламтор желісінде скайп арқылы бастан аяқ бүгінгі кештің куәгері болып, сыр-сұхбатқа араласып, сұрақтарға ортақ жауап беріп отырды. Кеш барысында тифлобөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова махаббат күні мерекесінің шығу тарихына тоқталып өтті. Сонымен қатар, мерекелік шараға ОҚО мүгедектерді оңалту орталығының демалушылары мен облыстық «Үміт» мектеп-интернатының жоғарғы сынып оқушылары да қатысты. Мектеп оқушылары Ә.Батырхан мен Ә.Өміртай қазақ ақындарының махаббатқа тұнып тұрған лирикалық жырларын оқыды. Және де махаббат арнасында әрбір тағдырластың ой - пікірі ортаға салынды. Сарыағаш ауданынан келген кітапханамыздың белсенді оқырманы Д.Сейдазимованың орындауында «Махаббат» атты әсем әнін келгендер тебірене тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Оқырмандармен бірге түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, барлығына мерекелік кештен естелік махаббат күніне байланысты алқызыл жүрекшелер мен тәтті сыйлықтар табысталды. Оқырмандар арасынан тағы да Н.Төребаев кезек алып, іңкәр сезімге тұнған әсем әнімен барша жұртшылықты тамсандырып, толқытып тастады. Кеш соңында Ләззат Сағынбекқызы сөз алып кітапхананың соңғы жаңалықтарымен таныстырып, барша оқырманды кітапханаға жиі-жиі келіп тұруға үндеді. Е.Бакиев келген тағдырластарға үлкен алғыс білдіріп, мерекелік тілегін жолдап, барша қонақтарға баянды бақыт тілеп кешті қорытындылады. Кеш соңында барлығы мерекелік естелік суретке түсіп, ерекше сезімге бөленіп, көтерінкі көңіл күймен тарасты.
(Ербек Бакиев – ОҚО арнайы кітапханасының тифлолог-редактор)
Іс-шара 16 сәуір 2015 ж. өтті
|
«Сыршыл да, сыншыл ақын» (Ақын, жазушы Ж.Молдағалиевтың 95 жыл) |
Өтетін уақыты: 15 сәуір, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: ақын – майдангер Ж.Молдағалиевтің шығармаларымен таныстыру; поэзияны насихаттау; әскери әдебиеттерді насихаттау; іс-шараларда оқырмандарды белсенділікке тарту.
Қазіргі мына жан жақты заманауи дамыған өмірде өскелең ұрпақ көштен кеш қалып қоймас үшін кітапханамызда жастарымызға рухани азық беретін іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Соның бірі қазаққа аты танымал ақын, жазушы Жұбан Молдағалиев ағамыздың 95-жылдық мерей тойына байланысты үлкен іс-шара өткіздік. Жұбан ағамыздың жастық шағы ең қиын кезеңдерге сай келеді. Ол 1940-1947 жылға дейін әскер қатарында болып, биыл 70 жылдығын атап өтетін Ұлы Отан соғысына қатысқан ұлы майдангер ақын. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз » журналы редакцияларында жұмыс істейді. Ағамыздың тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Жазушы өзінің адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлеміне тез танылады. Жұбан – өзінің атақты «Мен-қазақпын» деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол- Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Іс-шараға кітапханамыздан ашылған «Тағдырластар» клубының жастары қатысты. Олар ақынның Отан жайлы, туған жерге арналған өлеңдерін үлкен шабытпен орындап берді. Кітапхана оқу залында ақынның өлеңдерінен тұратын кітаптары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге ақын жайлы мерзімдік басылымдарға шыққан көптеген мақалалар, тыңдайтын дыбысталған дискілер қойылды. Іс-шара соңында оқырмандарымыз ақынның «Махаббат ерлігі» атты өлеңін оқып, махаббаттың құдіретті күші нені болса да жеңетіні жайлы ұғымды бәрімізге паш еткізді. Ақын жайлы әңгіме қызықты әрі тартымды өтті.
|
«Ғажайып ғарыш әлемі» (12 сәуір ғарышкерлер күніне орай) |
Кезекті іс–шара «Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер» күніне арналып өтті. Іс- шараның негізгі қатысушылары «Үміт» мектеп- интернатының оқушылары мен кітапхана оқырмандары болды. Іс–шара «Ұшқыш болғым келеді» атты өлеңін мәнерлеп оқудан басталды. Ғарыш жайындағы қызықты әңгімелерді баяндаудан басталды. Ежелгі адамдардың ғарыш жайындағы армандары, күнге қызығуы, жұлдыздарды танып – білуге деген құштарлығы, тапқырлығы арқасында жеткен жетістіктері жайында сөз қозғалды. Екінші кезекте балалардың ғарыш, ғарышкерлер жайындағы түсініктері, ой–пікірлері ортаға салынып, жүргізуші барлық алынған мәліметті саралап, бір ортақ түсінік қалыптасуы үшін «сұрақ–жауап» ойындарын жүргізді. Іс–шараның негізгі бөлімінде әңгіме мен мысал, түрлі деректер мен қызықты естеліктер - танымдық мәні өте зор «Ғарышқа саяхат» атты көркем слайдына ұласты. Слайд баланың санасына жеңіл, қабылдауына оңай, есте сақтауы үшін түрлі–түсті суреттермен безендірілген. Балаларға арналып жасалғанымен, барлық адамға түсінікті, ең ұсақ нәрселерден бастап, ең көлемді тақырыпқа дейін байқатпай ұғындырады. Алған ауызша мәліметті, толыққанды дерекпен, нақты суретпен толықтырып, санаға көркем түрде қонып алады. Оқу залының тақырыпқа сай безендірілуіне, «Ғарышқа сапар» атты кітап көрмесін ұйымдастыруға, Ғарыш тақырыбына арналған кіші қалыпты мүсіндерді, түрлі макеттерді және т.б. құнды көрнекі құралдарды іріктеп, ұсынған, таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген «Тифлология» бөлімінің меңгерушісі Л.Абжаппарова болды. Жиын соңында балалар екі командаға бөлініп, викториналық сұрақтардың жауаптарын кезектесіп тауып отырды. Осылайша, кітапхана мамандарының ұйымдастыруымен өткізілген, танымдық мағынасы зор кезекті іс–шара өз мәресіне де жетті.
(Әдемі Бөрібекова – ОҚО арнайы кітапханасының кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы)
Іс-шара 9 сәуір 2015 ж. өтті
|
|
|
|
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 Келесі > Соңы >>
|
Страница 4 из 9 |