«Оңтүстігім шырайлым» (Зағип сазгер, ақын Н.Төребайдың шығармашылық кеші) |
Өткізілген уақыты: 30 қыркүйек, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: зағип жас сазгер Н.Төребайдың шығармашылығын және әңдерін оқырмандарға тарту етіп, насихаттау.
ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана зағип жандар арасында талай таланттардың өнерін кеңінен елге танытуға ықпал жасап келеді. Осы орайда 30 қыркүйек күні арнайы кітапханада Бәйдібек ауданынан арнайы келген
І топ көз мүгедегі, әнші, сазгер, талантты өнерпаз Нұржан Төребайдың өзінің жеке шығармашылық «Оңтүстігім шырайлым» атты ән кеші өткізілді. Мерекелік кешті кітапхана қызметкері Ербек Бакиев жүргізді. Кеште І топтағы зағип жас әнші Айнұр Смандияр, Өміртай Әкімжан, Тайтелеева Ақжүніс келіп әсем әндер орындады. Нұржан Төребай өз орындауында «Оңтүстігім шырайлым», «Алғабасым», «Лебізім» «Кездесу мен қоштасу» тағы басқа да көптеген әндерді орындады. Бакиев Ербектің сөзіне жазылған Төребай Нұржанның нәзік жүрегінен туған «Шарықта шалқар шабытым» әнін Оңтүстік педагогикалық университетінің «Өнер» факультетінің І курс студенті Айнұр Смандияр орындап залды ерекше әсерге бөледі. Кеш соңында арнайы кітапхана директоры Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлы өнерпаз иесіне шығармашылық шабыт, телегей табыс тілді. Кештін соңында құттықтап, арнайы алғыс хатпен бағалы сыйлықтар тарту етті.
Облыстық Қазақ Зағиптар Қоғамының төрағасы Н.Алтынбеков Нұржанға деген өз ризашылығын білдіріп «Өнерің өрге жүзсін, тек биіктерден көріне бер» деген тілекпен қаржылай сыйлық тарту етті. Шығармашылық Бакиев Ербектің сөзіне жазылған Төребай Нұжанның «Жанарым менің жүрегім» әнімен аяқталды. Келген оқырман қауым ән әлеміне еніп керемет көңіл күймен тамаша әсерге бөленді.
|
«Өнегелі өмір, өлмес мұра» (Жазушы М.Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл) |
Іс-шараның мақсаты: Жазушының шығармашылығы мен көркем әдебиеттерін насихаттау; оқырман қауымын кітапханаға қызықтыру және тарту.
Кеңес Одағының батыры, жазушы, профессор, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері, ержүрек батыр Мәлік Ғабдулиннің туғанына 100 жыл толуына орай ОҚО арнайы кітапханасында «Өнегелі өмір, өлмес мұра» атты оқырмандар арасында әңгіме өткізілді. Қаһарман - ғалым Мәлік Ғабдулиннің Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған шығармалары тарихи және көркемдік мәнімен өзгешеленеді. Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік –адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың, «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өнікті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды. Сұрапыл соғыста бірге болған майдангер жолдастарының ерлігі мен батылдығын қас жау мен күресіп қана қоймай, ақ парақ бетіне мемуар естелік ретінде түсірген Мәлік соғыстан кейін қаншама шығармаларды дүниеге әкелді. Мысалы, «Досыма хат» дейтін жазбаларындағы мына бір ой-толғамын еске алсақ; «... Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер». Бүгінгі ауырлық, сұрапыл соғыстың дәуірі ертең-ақ шаттық, алтын нұрын шашқан сәулет күніне жеткізер. Сол кездерде өткен уақыттың оқиғаларына көз салармыз. Адам тарихынан ғасырлар бойы өшпестік орын алған талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалынған мазмұнды істерімізді, халқымыздың абырой-атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз. Олардың ерлік істерін, олардың бізге қосқан аманатын «қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет» деген тапсырмаларын еске алармыз. Осындай қайратты терең ойлы тұжырымдар айтып кеткен батыр бабамызды мәңгі есте сақтау біздің қазақ жастарының борышы, міндеті деп есептейміз.Әңгімеміздің бірінші парақшасында Мәлік Ғабдуллин жайлы естеліктер қозғалса, екінші парақшасында жазушының
|
«Терең ойлы, қаламы жүйрік тұлға» (Жазушы Н.Ораздың туғанына 55 жыл) |
Өткен уақыты: 9 қыркүйек , сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: жергілікті ақын жазушылардың шығармашылығы мен көркем әдебиеттерін насихаттау; оқырман қауымын кітапханаға қызықтыру және тарту.
Кітапханамызда әр аптаның сәрсенбі күні түрлі қызықты іс-шаралар өтіп тұрады. Соның ішінде атап айтатын болсақ, жерлесіміз белгілі ақын жазушы Нұрғали Ораз ағамыздың 55 жасқа толу мерейтойына орай «Терең ойлы, қаламы жүйрік тұлға» атты шығармашылық кеш өтті. Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз – қазақ әдебиетінің тарихын терең білетін ойлы жазушы. Жас кезінен Алматыдағы үлкен әдебиеттің ортасында жүрді. Түрлі баспалардың, журналдар мен газеттердің бас редакторы қызметін атқарған. Әңгімелері оқырманға өте жақын, бүгінгі замандастарымыздың ой-толғанысы, арман-мұраты, тіршілік-тынысы көркем тіл, айшықты бояулар арқылы көрініс тауып отырады. Жазушы шығармаларының оқырмандармен қызу әңгіме жүрді. Нұрғали Ораз шығармаларының әдетте тілі көркем, оқиғасы қызықты және айтар ойы анық болып келеді. Бүгінгі замандастарымыздың жан дүниесін толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді жан-жақты қозғап, ұтымды да ұрымтал диалогтар арқылы талқыға салып отыратындығымен құнды. Қаламгер қай тақырыпқа қалам тартса да, оқырман қауымның жүрегіне жол тауып, әдеби ортада қызу талқыланып, жүрекжарды, түрлі пікірлердің жиі айтылып жататындығы да содан болса керек. Жазушының екі әңгімесінің желісі бойынша көркем фильм де түсірілген. Ол телеарналардан жиі көрсетіліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген туынды болып шықты. Жазушының кітаптарынан көлемді көрме ұйымдастырылды. Кітапхана қорында бар жазушының жазық баспалы кітаптары қойылды.
|
«Абай әлемін жүрегіммен ұғындым» (Зағип оқырмандар арасындағы байқау) |
А.Құнанбаевтың 170 жылдығына орай облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана оқу залында 27 тамыз күні ауқымды іс-шара өтті.
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес! Парасатты болып туған, Шыңғыстаудың Абайы Ән мен жырын мұра қылған, Сарыарқаның Абайы, Нақылменен сана құйған, Қазағымның Абайы, Ақылменен дана болған Бүкіл елдің Абайы. Теңдесі жоқ асқар биік шыңымыз, Ақ ниетті, әділетшіл шыңымыз, Асыл қазына, ашылмаған сырымыз. Таусылмайтын мәңгі бақи жырымыз!
- Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмей тұғын артында сөз қалдырған,»- деп төрелігін өзі шешкен Абай - бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де, бізбен бірге жасасып келеді. Ұлы атамыздың бізге берген еншісі, қалдырған аманаты – асыл сөздері, өлмейтін өлеңдері. Біз оны ардақтаймыз. Аз өмір сүріп, азаппен өткен Абай бүгін бізбен мәңгі жасамақ. Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздеріне қарап қазіргі заман жастары үлгі өнеге алса, болашақ еліміз мықты азаматтардың тізгінінде болар еді деп мақтана аламыз.
Қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны, қазақ әдебиетінің негізін қалаған, өзінің қара сөздерімен, даналығымен, тапқырлығымен, жалпы шығармашылығымен қазіргі күнге дейін бүкіл әлемге әйгілі де танымал болған Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай әлемі» атты І топ көз мүгедектерінің арасында облыстық байқау болып өтті. Байқаудың негізгі мақсаты зағип жандарды жарыстыру емес, ақынның шығармасын оқырмандарға насихаттау, осы байқау арқылы ақынның қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін, аудармаларын мәнерлеп, нақышына келтіріп орындау, жүрекпен ұғыну.
Іс-шараға абайтанушы, доцент Тұрдыбай Қалдыбайұлы мен «Абай» атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Ендібаева Гүлнар Қамбарбекқызы арнайы шақырылды.
Кешімізді ашып берген Тұрдыбай аға оқырмандарға Абай туралы әңгімелеп, атқарылып жатқан іс-шараның маңыздылығына, ерекшелігіне тоқталып өтті. Шын мәнінде, Тұрдыбай ағаны таңқалдырған - зағип жандардың өнерге, поэзияға, жалпы кітапхана қабырғасында өтіп жатқан іс-шараларға деген олардың құлшыныстары, белсенділігі.
- Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың мына заманда кітапханаға кіріп, кітап оқып, оның іс-шарасына қатысуы қиындау, - дейді доцент аға.
Байқауға қатысушылар кітапханамыздың аудандардан келген белсенді оқырмандары, І топ көз мүгедектері: Барлыбаев Жомарт (Төлеби), Халматова Салтанат (Сайрам), Тайтелеева Ақжүніс (Шымкент), Смандияр Айнұр (Ордабасы), Оралбек Нұрлан (Төлеби) болды.
Байқауға абайтанушы, доцент ағамыз Тұрдыбай Қалдыбайұлы, Ендібаева Гүлнар Қамбарбекқызы, Темірбаева Ләззат Сағынбекқызы әділ қазылықтарын жасады. Байқауымыз 5 шарттан тұрды:
«Сәлем – сөздің атасы» (Байқауға қатысушылар өзін-өзі таныстырады), «Абай ойшыл» (Абай қара сөздерін нақышына келтіріп айту),
«Абайдың – ән маржаны» (Абайдың әндерін орындау, эстрадалық жанрда, түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен),
Сұрақ-жауап (Абай шығармашылығынан сұрақтар, Абайдың нақыл сөздері), «Қазақ өлеңінің ұлы атасы» (Абай өлеңдерін жатқа, нақышына келтіріп мәнерлеп оқу).
Кітапханамыздың белсенді оқырманы Смандияр Айнұр өзінің «Шалқыған шалқар шабытым» атты әнін оқырмандарға тарту етті.
Байқауға қатысушылар 5 сайыстан мүдірмей өтіп, жоғары денгейде өнер көрсетіп «Қазыналы – қара сөз», «Талаптың мініп тұлпарын», «Жүйрік ойдың шебері», «Кемеңгер тұлға – Дана Абай», «Өлең сөздің патшасы» атты номинациялық дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, ел қамын жақтаған жырау, жыршы, қазақтың дана да, дара ұлы ақыны екенін жас ұрпаққа, оқырманға жеткізуді мақсат еткен кітапханашылар «Кемеңгер тұлға – дана Абай» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме сөрелерінде дыбысталған, бедерлі-нүктелі және жазық баспалы әдебиеттер мен Абай атамыздың кіші қалыпты мүсіні қойылды.
Кеш тартымды да қызықты өтті. Оқырмандар шабытты, хош көңілмен тарқасты.
Облыстық арнайы кітапхана директорының орынбасары: Л.Темирбаева
|
«Қазақ жырының жезкиігі» (Ш. Қалдаяқовтың туғанына 85 жыл) |
Қазақ вальсінің құдіреті, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың 85 жасқа толған еске алу кешін ОҚ облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында қазақ және орыс тілдерінде тебіреніспен атап өттік. Қазақ халқында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ.
Кітапханашылар О.Русинова және Л.Абжаппарова «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деп Абай атамыз жайдан-жай айта салмаған шығар. Ән мен жанның өзара үйлесімінен асқан ғажайып әлем бар ма екен? Жан жүректі жылытатын да жұбататын да осынау сиқыр сазды, тылсым назды, құпия құдіретті дүрия дүние емес пе? Осындай сөздермен композитор Шәмші Қалдаяқовтың өлеңге деген махаббатын айтып өтті.
Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат- осының бәрі Шәмші әндерінің тақырыбы десек – артық айтқандық емес.
Шәмшіге айт,тағы бір таңдандырсын.
Жандандырсын жүректі,жандандырсын !
Мәңгілік махаббатын айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын - дей келе, автордың өз өмірінің кезеңдерінен алынған сазды өлең «Сыған серенадасы» әуені шырқалды.
Оқырмандар назарына Шәмші Қалдаяқов ағамыздың туып өскен жері мен композитордың шығармашылығы жөнінде екі тілде бейне роликтер көрсетілді. Жыл сайынғы өтетін Шәмші фестивалінің жүлделі орын иегері Ержан Темирбай композитордың әндерін нақышына келтіріп орындап берді. «Үміт» мектеп интернатының түлегі, Республикалық «Жұлдызай» балалар байқауының 2 орын иегері, әнші және күйші Орал Махамбет Шәмші ағамыздың әндерін оқырмандарға ұсынды.
Шәмші Қалдаяқов жайлы түсірілген деректі фильмді оқырмандар аса назармен тамашалады. Оқу залында Шәмшіге арналған кең көлемді кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.
Ш. Қалдаяқов – дарынды композитор және Қазақстанның халық әртісі. Оның шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы кең. Шәмші шығармаларының қайсысын алмайық, олардың басты тақырыбы - елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданады.
Оқырмандар Шәмшінің әндері орындалғанда еріксіз қосылып, бірге шырқап отырды.
(Э. Әбжаппар – ОҚО арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы)
12 тамыз 2015 ж.
|
|
ОҚО бойынша «Бір өлке – бір кітап» акциясында таңдалған Т. Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімесі |
Жыл сайын біздің елімізде және облысымызда «Бір ел - бір кітап» деген атаумен акция жүргізіледі. Біздің облысымызда биылғы жылы «Бір өлке - бір кітап» акциясы аясында жерлесіміз Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімесі алынды. Осындай игі істерден тыс қалмайтын біздің ОҚО облыстық арнайы көздері көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасы кезекті іс-шарасында Тәкен ағамыздың «Телқоңыр» шығармасын оқырмандармен өткізді. Оқу залында Тәкен ағамыздың кітаптары қойылған үлкен көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар көрмеге дыбысталған және үндендірілген кітаптар мен бедерлі-нүктелі кітаптары қойылды.
Жүргізуші Тәкен ағамыздың шығармашылығымен оқырмандарды жете таныстырып өтті. «Телқоңыр» әңгімесін оқырмандар сондай бір тебіреніспен ұйып тыңдады. Жазушының өмірде болып жатқан қарапайым оқиғалардан алынған көріністері адамның жанын тебірентіп жібереді. Белгілі жазушы Тахауи Ахтанов айтып кеткендей Әлімқұлов әңгімелерінің қаһармандарының сарыжайлау, самал жел төскейдегі, көк балаусалы көл жағасындағы бейқам тірлігінің өзі неткен драма, деп ақынның жаны кереметтей суретші екенін дәлелдейді. Тәкен Әлімқұлов ұлы Абай жайлы жазған «Жұмбақ жан» шығармасында Абай - азамат, қайраткер, санаткер, ойшыл ақын. Ол өз заманының перзенті, тұстасы, ағасы, атасы. Ол өз дәуірінің күрескері деп атап өткен қылқалам шебері.
Іс-шара барысында Абай атамыздың өлеңдерін оқырманымыз Жапабаев Нұрлыбай ағамыз пианинода нақышымен орындап берді. Іс-шара музыкалық әуенмен әсерлі де қызықты болып өтті.
(Э. Әбжаппар – ОҚО арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы)
5 тамыз 2015 ж.
|
«Дара тұлға» (Жазушы М.Байғұттың туғанына 70 жыл) |
Өтетін уақыты: 10 маусым, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: оңтүстік жерінің әйгілі тұлғаларымен танысу, өлкеміздің жазушыларын кеңінен насихаттау, көркем және өлкелік әдебиеттерді насихаттау.
ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада қазақ әдебиетінің көркейуіне көптеген кітаптарымен сүбелі үлес қосып жүрген қазақтың аяулы дара перзенті қарымды қаламгер, жалынды жазушы биыл 70 жасқа толып отырған Мархабат Байғұт аға мен оқырмандар арасында әдеби сазды шығармашылық кездесу кеші өтті. Кеш тізгінін арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиев жүргізді. Кеште алдымен жазушының өмірі мен шығармашылығы жүріп өткен жолдары мен еңбек еткен, атқарған қызметтері қалың оқырмандарға таныстырылып өтілді. «Мықтылығын мойындатқан қаламгер!!!» кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылған. Орыс тілінде де кітаптары мен еңбектері біршама айтылды. Кештің сәнін әсем әнімен кітапхана қызметкері Е.Амантаев Ержан Серікбаев ағамыздың әнімен кіргізді. Сонымен қатар, шығармашылық шарада жасы 80-ге таяған көнекөз қария, кітапхананың тұрақты оқырманы, батагөй ақсақал Тауасаров Күмісбек ата ағамызға ақ тілегін жолдап, батасын берді. Кеш аясында жазушы қаламгерге түрлі сұрақтар мен сырлы сұхбаттар жүргізілді. Айнұр Смандиярдың орындауында «Кездер-ай», «Шарықта, шалқар шабытым» сынды әсем әндер шырқалды. Кеште Мархабат ағамызға арналған Дүлат Исабеков, Байділдә Қонысбек, Әбілда Аймақ ағаларымыздың айтқан лебіздері де оқылып жатты. Іс-шарада Мархабат аға сөз алып, келген оқырмандарға рахметін айтып, қойылған сұрақтарға кеңінен ашылып, ағынан жарыла ақтарылып, сырларымен бөлісіп отырды. Жұртшылық сұранысымен кітапша боп шыққан «Бес асыл іс, бес дұшпан» атты шығармасын өз қолтаңбасымен оқырмандарға сыйға тартты. Кеш соңында арнайы кітапхана басшысы Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлы сөз сөйлеп, жазушы қаламгер ел азаматы Мархабат Байғұт ағаға ақ тілек жолдап, қазақы дәстүр салтымен сый құрмет жасап үстіне шапан жауып жатса, сөзін сабақтастырып, кітапхана директоры орынбасары Ләззат Сағынбекқызы өз тілегін жолдап гүл шоқтарын тарту етті. Сөз соңында жас ақын Ербек Бакиев ағаға шығармашылық шабыт тілей отырып, жақында жарық көрген «Жас жаным құштар ақ таңға» атты кітабын тарту етіп, келген қонақ пен оқырмандарға үлкен алғыс білдірді. Келген оқырмандар қаламгер жазушымен естелік суретке түсіп, ерекше әсермен тарасты.
|
«Абылай хан - ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» (Қазақ хандығының 550 жылдығына орай) |
Өтетін уақыты: 3 маусым, сағ 11-00.
Іс-шараның мақсаты: қоғамдық саяси әдебиеттер мен қазақ тарихын насихаттау, жастарды отанды сүюге, ұлтты құрметтеуге баулу.
Биылғы жыл мемлекет басшысы айтқандай, 2015 жыл тарихи кезеңдердің тоғысқан сәттерге толы жылы болып отыр. Соның ішінде қазақ халқының біртұтас мемлекет болып қалыптасу жолымен тәуелсіздікке жетудегі еркіндік жолының түп-тамыры осыдан 550 жыл бұрын құрылған қазақ хандығы болып табылады. Ғасырлар бойы сан қилы тауқыметті тартып, аумалы-төкпелі заманды басынан кешіріп бейбіт күнді арман еткен бабаларымыздың хандық жолындағы ерен ерлігін бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағы кең көлемде танып, кейінгі буынға насихаттауда. Оның бірден бір дәлелі «Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» атты ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада үлкен іс-шара өтті. Алматы, Шымкент, Орал қалаларының арнайы кітапханалары арасында тікелей телекөпір болды. Телекөпірді өткізудегі негізгі мақсат қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Осыған орай, Алматы қаласының республикалық арнайы кітапхана ұжымы Қасым ханның өмірімен ерлігін таныстырып өтті.
Шымкент қаласының арнайы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары бұл іс-шараға қатысып, Абылай ханның өмірдерегі мен өнегелі ерлігін кеңінен дәріптеп өтті. Іс-шараны кітапхана тифлобөлім меңгерушісі Абжаппарова Ләззат Ақылбайқызы жүргізді. Алдымен Хан Абылайдың өмір жолы мен атқарған ерен ерлігі жайында баяндады. Кеште одан әрі кітапхана директоры Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлына сөз беріліп, келген оқырмандар мен тікелей байланыстағы әріптестерге 550 жылдық мерейтоймен құттықтап, ақ тілегін жолдады. Іс-шарада үш жүздің игі жақсылары жиналып, Абылайды хан сайлағалы тұрған сәтінде Бұхар жыраудың берген ақ батасы сахналанып, сомдалды. Іс-шара барысында кітапханамыздың белсенді оқырманы Темірбаев Ержанның орындауында «Халық қасиеті» атты патриоттық әнмен сабақтасты. Әннен оқырмандар ерекше әсер алды. Шараны жүргізуші Ләззат Ақылбайқызы келесі кезекті арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиевке ұсынды. Е Бакиев өз шығармасынан қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандары» атты өлең жырын тарту етті. Кітапхана қызметкері Н.Баймұратова қазақ хандығының 550 жылдығына жарық көрген «брайлша», «сөйлейтін» кітаптармен таныстырып өтті.
Жиналған оқырман қауыммен тікелей телекөпірдегі әріптестер хан Абылай жайындағы мағлұматпен толық дерлік ақпараттанды.
Шараны одан әрі Орал қаласының арнайы кітапханасы алып, Әбілхайыр ханның өміртарихына зер салып, жасаған жұмыстары мен жорық шайқастарынан деректер келтірді. Ән шырқалып, тарих саласының маманы сөз сөйлеп, өз баяндамасын жасады.
Келген оқырмандар мен әріптес, замандас, кітапхана қызметкерлері өткен тарихтың қалың қойнауынан терең сыр ұғып, өтпелі кезеңдердің өр толқындарының куәгері болды.
Елдікпен ерлікті сабақтастырған осынау ұлан ғайыр даламызды жаудан сақтап, тыныштық пен ынтымақтастықты берік ұстанып, қандай қиын заман болса да, тәңірдің берген күшімен азаттыққа жету жолында бар күш-қайратын туған даласына арнаған қазақ хандарының ерлігі мен еңбегі, көрегенділік пен өнегелі істері ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырып, есімдері тарих беттерінде сайрап, тақтасында алтын әріптерімен жазылып, сақталып тұрары ақиқат.
|
«Мөлдіреген жыр сезім» (Жазба ақындар жыр мүшайрасы) |
Іс-шараның мақсаты: мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын көпшілікке паш ету.
Оңтүстік Қазақстан облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада ОҚО «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және арнайы кітапхана және ОҚОЖҚҮ және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық «Мөлдіреген жыр сезім» атты жазба ақындардың жыр мүшайрасы болып өтті. Мүшайраны өткізудегі негізгі мақсат: мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын шыңдап, өмірге деген махаббатына мән кіргізіп өнерін өрістетіп, талабын ұштап өлең жыр жазатын ақындардың тың туындыларын қоғам назарына ұсынып, көпшілікке паш ету болып табылады. Осыған орай өткен жыр мүшайраға облысымыздың 10 ауданынан 11 үміткер қатысып, берілген тақырыптарға өлеңдерін жолдады. 1- тақырып жеңістің 70 жылдығына арналса, 2 тақырып «Өмірдің сүйемін әр күнін» атты өлең болатын және еркін тақырыпта қосымша жырлар қатыстырылды. 7 үміткер жүлделі орындарға ие болды. Кеш тізгінін, кешті ұйымдастырушы аталмыш бірлестік төрайымы Ермаханова Мадина мен бірлестік төрайымының орынбасары арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиев жүргізді. Алдымен бірлестіктің атқарған жұмыстарымен жеткен жетістіктерін көпшілікке таныстырып өтіп одан әрі мерекелік кешті ашып беру үшін қолдау көрсеткен арнайы кітапхана басшысы Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлына сөз берілді. Кітапхана басшысы қатысқан ақындарға шығармашылық табыс тілеп оқырмандарға әсерлі ойымен бөлісті. Кеш барысында әуезді әндер орындалып тамаша туындылар оқырман қауымның жүрегіне жол тартты. Мүшайраға қатысқан үміткерлер жеңістің 70 жылдығына және өмірге шексіз құштарлығынан туған жүректен шыққан тұнық сезімге толы жауһар жырларын оқыды. Ақындарға ерекше сый құрмет жасалып, арнайы орындармен қаржылай сыйлықтармен дипломдармен гүл шоқтары және ҚСҚ төрағасы Алтынбеков Нұрғали сөз алып жеңімпаздарды құттықтап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауй кесенесі бейнеленген суреттерді тарту етті.
Мүшайраның жалғасы ОҚО «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарыққа шыққан жас ақын ОҚО арнайы кітапхана қызметкері Ербек Бакиевтың «Жас жаным құштар ақ таңға» атты кітабының шығармашылық тұсаукесер кешіне ұласты. Кешті арнайы кітапхана директорының орынбасары Темірбаева Ләззат Сағынбекқызы жүргізді. Шығармашылық кеште жас ақынның жырлары оқылып, сөзіне жазылған әндерді Ермаханова Мадина, Төребай Нұржан, Смандияр Айнұр, Тайтелиева Ақжүніс сынды талантты әншілер өз нақышында орындады. Кеш соңында ақын сөз алып, жаңа жазылып сиясы әлі кеппеген «Өмір көші» атты тың туындысын оқырманға паш етіп, келген қонақтарға алғыс білдіріп, ақ тілегін жолдады. Кітапхана ұжымы ақынға лайық сый жасап бағалы заттай сый-сияпаттар тарту етті. Келген көрермен әдебиет айдынында халықтап, поэзия әлеміне терең бойлап өлең жыр мен әсем әндерден рухани зор азық алып, ерекше сезіммен толқып, мөлдіреген жыр сезімнің кәусарына қанып қайтты.
|
|
|